АҚШ президенті Израиль Иранның ядролық нысандарына соққы беруін қолдамайды
АҚШ президенті Джо Байден Израильдің Иран ядролық инфрақұрылымына соққы беру идеясын қолдамайды. Бұл туралы Associated Press агенттігі хабарлайды.
Байден журналистердің «Израильдің мұндай соққысын қолдайсыз ба» деген сұрағына: «жоқ» деп жауап берген.
«Біз Израильдің қандай қадамға баратынын талқылаймыз», – деді АҚШ президенті.
Ол АҚШ Израильдің Иранға қарсы жауап қайтаруға құқығы бар екенін мойындайтынымен, G7 көшбасшыларының пікірінше, бұл жауап теңдей болуы керек деп қосты.
Ал Израиль билігі Иран зымырандарының шабуылына қарымта соққы беру туралы шешім қабылдағанымен, қандай жауап берерін АҚШ-пен ақылдасып алатынын мәлімдеген. Израильдік 12 арнаның хабарлауынша, ел билігі Иранның стратегиялық нысандарына соққы беруге ниетті. Алайда бұл қадамға АҚШ-пен келісіп алып барады.
Қазанның 1-і күні кешке Иран Ислам революциясы Сақшылар корпусы Израильге жүздеген зымыран ұшырды. Израиль әскері бұл шабуылға қажет болған кезде жауап беретінін мәлімдеген.
Израиль қарымта соққы береді деп қауіптенген Иран әуе кеңістігін жапты. Иран зымыран ұшырып, Таяу Шығыстағы шиеленістің ушыға түсуі әлемдік нарықта мұнай бағасының қымбаттауына ықпал етті. Brent маркалы мұнай бағасы бірден 5 пайыз қосты.
Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуі әлем елдерін алаңдатып отыр. Олардың қатарында Қазақстан да бар. СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров Қазақстанның:
«Бүкіл қатысушы тараптарды сабырға келіп, бейбіт тұрғындардың қазасымен өңірде кең ауқымды соғысқа ұласуы ықтимал жағдайдың нашарлауына жол бермеу үшін күш қолданудан бас тартуға шақыратынын», – мәлімдеді.