Ұлттық қордан 2024 жылға жоспарланған трансферт 9 айда толық жұмсалып кеткен

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Ұлттық қордан қанша қаржы алынды / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанның Ұлттық қорында 31,37 трлн теңге жинақталған. Ұлттық қордың түсімдері және оны пайдалану туралы есепке сәйкес, 9 айда қордан 4 трлн теңгеден аса қаржы алынған.

Соның 2 трлн теңгесі – кепіленділіген трансферт болса, 2,019 трлн теңгесі – нысаналы трансферт. Яғни, 9 айда 1 жылға жоспарланған қаржы артығымен жұмсалып кеткен.

Ұлттық қорда жыл басында 29,85 трлн теңге болған. Осы уақыт аралығында қорға жалпы 5,5 трлн теңге түсім түскен. Есесіне 9 айда қордағы қаржының 4 трлн теңгесі жұмсалып кеткендіктен, өсім 1,5 трлн теңгені құрайды.

5,5 трлн теңге түсімнің 2,98 трлн теңгесі – мұнай секторы ұйымдарынан алынатын тікелей салықтар. 2024 жылдың 1 жартыжылдығында қорға 2,5 трлн теңге ивесттабыс түскен.

Қаржы министрлігінің есебіне сай, 1 қазанда қорда жинақталған қаржы қыркүйектің басындағы қаражаттан аз: қыркүйекте 31,8 трлн теңге жиналғанын жазсақ, қазіргі көрсеткіш – 31,37 трлн теңге. Қыркүйек айында қордан 500 млрд теңгедей мақсатты трансферт алынған.

Заңда Ұлттық қордан 2024-2026 жылдары бөлінетін кепілдендірілген трансферт мөлшері – әр жылға 2 трлн теңге деп бекітілген. Ал нысаланы трансферт 1,6 трлн теңге деп көрсетілген.

Қыркүйек айында Ұлттық қордан 945 млн АҚШ долларына тең валюта сатылды. Ал қазан айында 1,3-1,4 млрд доллар сатылуы мүмкін. Яғни, қазан айында да қордан алынатын қаржы көлемі артады.

Сондай-ақ оқыңыз