Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында өнер көрсеткен көкпаршыларға федерация көлік сыйлады. Бұл туралы Әулие-ата көкпар клубы өзінің Instagram парақшасында жариялады.
Көкпардан Қазақстан құрамасының барлық 12 ойыншысына Көшпенділер ойындарындағы жеңісі үшін Chevrolet Cobalt автокөліктері табысталды.
Бұл сыйлықты команданың әрбір мүшесіне республикалық «Көкпар» федерациясы тарту еткен. Айта кетейік, федерацияны BI Group құрылыс холдингінің негізін қалаушылардың бірі әрі акционері Бауржан Исабаев басқарады.
Команданың ойыншылары бұл жеңіс үшін үлкен қолдауға ие болғанын айтып, федерацияға алғыс білдірді. Олардың айтуынша, көліктер спортшылардың жетістіктерін бағалаудың бір түрі және көкпар ойынына деген ұлттық мақтаныштың белгісі ретінде қабылданды.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Көшпенділер ойындарына ат салысқан азаматтарды, олардың ішінде көкпаршыларды да мемлекеттік наградалармен марапаттады.
Еске сала кетейік Қазақстан құрамасы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қырғызстан құрамасын жеңіп, алтын жүлдеге ие болған еді.