Қазан айындағы ең айтулы кинопремьералар қандай

Жарияланды 3 Қазан 2024 19:15

(жаңартылды 4 Қазан 2024 10:10)
Светлана Ғалымжанқызы

Светлана Ғалымжанқызы

Коллаж: shutterstock және kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Күзді көбі қалың көрпеге оранып, фильм көретін мезгілге теңейді. Бұл ретте Kursiv Lifestyle алдағы айда қалың көпшілік назарына ұсынылатын фильмдер тізімін жасап шықты. Ендеше, қазандағы демалыстарыңызға жоспар құра берсеңіз болады…

Кейінгі жылдары отандық кино индустриясы жанданып, ай сайын бірнеше фильм премьерасымен қуантып жүр. Қыркүйекте «Менің папам тигр», «Үйлену оңай, үй болу қиын» фильмдері жарыққа шықса, қазанда режиссер Дәулет Ислямовтың «Айқай-шу», «Әнел» сынды фильмдер көрерменге жол тартады.

«Айқай-шу»

Екі дос туралы комедияда Шәріп Серік, Саят Мақұлбаев, Шархан Назар, Нұржан Садыбеков ойнайды. Басқа түскен жағдайға байланысты жасырынуға мәжбүр болған екі жігіт Ақсуға келіп тоқтайды. Тамақ ішуге тоқтаған дәмхананың иесі жігіттердің бірін шатастырып, ықпалды азаматтың бауыры деп ойлап бар сый-құрметін көрсетеді. Жігіттердің ізіне түскендер оларды тауып алғанда қызықтың көкесі басталады. Ал қандай қызық екенін кинотеатрларда бүгіннен бастап көре аласыз.

«Әнел»

24 қазанда Ақан Сатаев пен Tiger films компаниясының ортақ туындысы – «Әнел» фильмінің премьерасы болады. 12 жастағы оқушы қыз туралы қорқынышты фильмде белгілі актриса Зарина Кармен қыздың анасы Лаура болып ойнайды. Лаура күйеуі Мәди, енесі Зейнеп, қызы Әнелмен бірге тұрады. Кенеттен қызымен қорқынышты әрі тылсым дүниелер болып жатқанын байқайды. Дегенмен үрейіне жақындары назар аудармай, шағымына құлақ аспайды. Ақырында күйеуі мен енесінен күдіктенген Лаура үлкен құпияның басын ашады.

«Парковщики»

Екі дос туралы хикая Tiger films туындысына да арқау болған. Бір-ақ күнде байып шыға келген екі достың адалдығы сынға түседі. Фильм ақшаның адамдарға әсерін жақсылап көрсеткендей. Фильм авторларының айтуынша, фильм биылғы күздегі ең шытырман туынды атағына лайық. Ал лайық та әділ бағасын 17 қазаннан бастап бере аламыз.

«Сағат әйелі»

1978 жылы Родни Алкала АҚШ-тағы «Танысу ойыны» телешоуының қатысушысы атанады да, тағы бір ойыншы Шерил Брэдшоумен кездесуді «жеңіп алды». Бірақ Алкала бес әйелді өлтірген, балаларды зорлағаны үшін екі рет түрмеде жазасын өтеген сериялық киллер болып шығады. Шынайы оқиғаға негізделген бұл қорқынышты оқиға Анна Кендриктің «Сағат әйелі» режиссерлік дебютінің тақырыбына айналды. Кендриктің өзі «киллерге (Даниэл Зоватто) тап болғанға дейін Лос-Анджелесте танылуға ұмтылған, сол үшін басқалардың сексист, жабайы қатынасына шыдап келе жатқан актриса Брэдшоуды ойнайды.

«70-жылдардағы гендерлік динамиканың зерттеуі әп-сәтте шытырман оқиғаға айналады», – дейді Миган Наварро Bloody Disgusting журналында.

«Кендриктің хоррор пен юморды жақсы үйлестіре алған өткір көзқарасы алғашқы туындысын шынайы, өткір ете түскен», – деп түйіндейді Наварро.

Фильмді 18 қазаннан бастап Netflix-тен көруге болады.

«Күлкі 2»

«Біреу сізге жымиып, кейін өзіне қол салса, «күлкінің» қаһары сізді де сол қылмысты қайталауға итермелейді дегенді білдіреді». Бұл Паркер Финнің дебюттік «Күлкі» көркем фильмінің түсініктемесі. Шынайы өмірден алыс қорқынышты фильмді түсіруге автор 17 млн АҚШ долларын жұмсап, прокаттан 217 млн АҚШ доллары көлемінде пайда тапқан. Табысты жобаны жалғастыру керегі айтылмаса да түсінікті болып, биыл екінші бөлімі көрерменге жол тартпақ. Фильмде басты рөлді ойнаған Лукас Гейдж бен Наоми Скотт түсірілім барысында сюжеттен өздері де қорыққанын жасырмады.

«Осынша қорқынышты түсірілім алаңын бірінші рет көріп тұрмын. Барлық түсіру тобы үрейленіп жүрді десем болады, өйткені Паркер Финн – нағыз өз ісінің шебері», – дейді Лукас Гейдж. Фильмнің алғашқы көрсетілімі 18 қазанда өтеді.

«Теңіздегі соңғы әйел»

Мыңдаған жыл бойы оңтүстіккореялық Чеджудо аралындағы әйелдер мұхит түбінен азық терумен айналысып келді. Сүңгуші әйелдер мұхит түбіне оттегі балонысыз түседі. Әйелдердің қиын тағдыры деректі фильмге сұранып-ақ тұр. Бірақ Жапония билігінің радиоактив ағын суды мұхитқа бұру туралы шешім қабылдап, сүңгуші әйелдер дабыл қаға бастағанда режиссер Сью Ким мен продюсер Малала Юсуфзай бұл туралы фильм түсіруді қолға алады.

«Нәтижесінде сондай жылы деректі фильм дүниеге келген. Мақсаты да қарапайым – экологиялық апаттың адамзатқа әсері мен шеттетілген қоғамдастықтарға қамқор болу», – дейді Кейли Дональдсон.

«Осы фильмнің соңына қарай сіз хеньеомен бірге көшеге шеруге шығуға және олардың ұрпағы үшін ұлы жұмысын жалғастыруға дайын тұрасыз». Фильм 11 қазаннан бастап Apple TV+ платформасында көрсетіледі.

«Никель жігіттері»

2024 жылғы ең асыға күткен фильмдердің бірі – Пулитцер сыйлығының иегері Кольсон Уайтхедтің романы негізінде түсірілген «Никель жігіттері». Этан Херисс пен Брэндон Уилсон 1962 жылғы Флоридадағы түзету мектебінің екі тұтқыны Элвуд пен Тернердің рөлін сомдайды. Мекемедегі қатыгездік ондағы балаларды азаптау мен өлтіруге дейін жетеді, Элвуд пен Тернердің достығы ғана екеуінің тірі жүруіне күш береді. Аталған фильмді түзету мектептері туралы бұған дейінгі фильмдерден ерекшелендіретіні – режиссер РаМелл Росс оқиғаларды екі дос тарапынан баяндайды, сондықтан көрермен бәрін екі баланың көзімен көреді. Дэвид Эрлих IndieWire журналына «Никель жігіттері» фильмі «осы онжылдықта жарық көрген кез келген америкалық фильм сияқты маңызды және есте қаларлық туынды… кинематографиялық адаптацияның түрленіп келе жатқан әлеуетінің сирек кездесетін дәлелі (Росс сценарийді Джослин Барнспен бірге жазған)» деген пікір айтқан. Екі дос туралы туынды 25 қазаннан бастап көрсетіледі.

«Веном: соңғы би»

«Sony-дің Өрмекші адам әлемі» деп аталатын фильмдерінің танымалдыққа ие болғаны сирек. Бірақ көрермендер Спайдидің зұлым кейіпкерлерінің бірі – Веномды жақсы қабылдады. Көпшілік бұл негізінен Том Хардидің ебедейсіз тергеуші журналист Эдди Брок пен сонымен байланысты сүйкімді бөгде ғаламшарлық «симбиот» рөлін қатар ойнағанының арқасында деп біледі. «Гигант монстрлар» сериясындағы үшінші және соңғы блокбастерінде симбиоттың туған планетасынан алып құбыжықтар Жерге қонады, сондықтан үміт пен бюджет бұрынғыдан да көп. Веном 25 қазаннан бастап кинотеатрларда көрсетіледі.

«Өмір деген бүгін ғана»

Netflix-тің танымал «Бір күн» фильмінің адаптациясы романтикалық трагикомедияға құштар көрерменнің көңілінен шығары сөзсіз. Режиссер Джон Кроули (Бруклин) түсірген «Өмір деген бүгін ғана» фильмінде Эндрю Гарфилд пен Флоренс Пью жасы отызға жақындаған Лондон тұрғындарының рөлін ойнайды. Күйеуі – таңғы ас жарнамасымен айналысатын маркетолог. Ал әйелі – аспаз. Екеуінің тыныш өмірін әйелінен табылған қатерлі ісік бұзады.

«Пью мен Гарфилдтің арасында экраннан ар жағындағы көрерменге сезілетін ерекше байланыс бар», – дейді Майкл Рехтшаффен The Hollywood Reporter журналына.

Фильм авторлары туындыны жыламай көру мүмкін емес дейді. Премьерасы 11 қазанға жоспарланған.

Сондай-ақ оқыңыз