Байлығы 970 млн долларға бағаланатын Сәрсеновтер отбасына тиесілі AltynEx компаниясы 2023 жыл үшін дивиденд төлемейді. Өйткені алтын өндіруші компанияның былтырғы таза пайдасы біршама төмендеген. Жалғыз акционердің шешімі Қазақстан қор биржасында жарияланған.
«2023 жылғы қаржылық нәтижелер бойынша акционердің шешімі бойынша дивидендтер жарияланбайды», – делінген хабарламада.
Ақтөбе облысындағы «Юбилейное» кен орнында алтын өндіретін компанияның жалғыз акционері – Эльдар Сәрсенов. Ол – бизнесмен Рашид Сәрсеновтің ұлы. Сәрсеновтер отбасы – Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша Қазақстандағы ең бай бизнесмендер рейтингінде 9-орында тұр.
Былтыр компания 419 мың тонна алтын кенін өндіріп, одан 1785 келі таза алтын алған. 2023 жылғы компания түсімі 29,4 млрд теңге болса, таза пайдасы 9,3 млрд теңгені құраған. Компания 2022 жылы 10,8 млрд теңге таза пайда алды. Яғни кәсіпорынның таза пайдасы былтыр 1,5 млрд теңгеге қысқарған.
Жер қойнауын пайдалану туралы келісім шарт мерзімі – 2034 жылға дейін. Дайын өнімді кәсіпорын «Ваваринское» АҚ-ға өткізеді.
Қазіргі кезде компания «Юбилейное» кен орнында тау-кен өңдеу комбинатын салып жатыр. Бұл комбинат жылына 5 млн тонна кен өңдеуге қуатты болмақ. Осы мақсатта AltynEx Production еншілес компаниясын құрған.
Жыл басында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі компания жер қойнауын пайдалану туралы келісімшартты бұзғанын мәлімдеді.
Сәрсеновтердің отбасына «Нұрбанк» АҚ, «Виктория» сақтандыру компаниясы, Helios жанармай құю станциялары желісі және «Ақсай нан» зауыты тиесілі. Сонымен қатар алтын өндіруші – «AltynEx Company» АҚ, «Көкше-Цемент» өндірістік бірлестігі» ЖШС, «Кастинг» ЖШС металлургиялық компаниясы, «Oil Real Estate» ЖШС (жылжымайтын мүлікті басқару), «Нефтехим Компани LTD» ЖШС (полипропилен өндірісі), «Caspian Food» ЖШС, «Текелі тау-кен байыту комбинаты» ЖШС-ға иелік етеді.