Мемлекет теңгеріміне өткен кеніштің құны – 50 млн доллар / Фото: kaktus.media/
Қырғызстанның арнайы қызметі Баткен облысындағы «Апрельское AZI» алтын кенішін мемлекетке қайтарды. Бұл туралы Kaktus.media хабарлады.
Мемлекет теңгеріміне өткен кеніштің құны – 50 млн доллар.
Бұл кеніш Табиғи ресурстар және техникалық қадағалау министрлігіне берілген. Бұрын кен орны Қамшы Көлбаевтың қылмыстық тобын қаржыландырып, заңсыз табысын жылыстатып келген.
Қазіргі кезде кеніште 10 тоннадай алтын, 15 тоннадай күміс қоры бар.
«Қырғыз Коля» лақап атымен танымал қылмыс әлемінің серкесі Қамшы Көлбаев 2023 жылы 4 қазанда арнайы қызмет операциясы кезінде оққа ұшты.
2012 жылы АҚШ-тың арнай қызметі Көлбаевты әлемдегі ең ірі наркобарондар тізіміне енгізді. АҚШ-тың қаржы министрлігінің дерегіне қарағанда, Көлбаев «Туысқандар ортасы» атты халықаралық қылмыстық топтық құрамында болған. Парақорлық, адам саудасы және басқа да заңсыз істермен айналысқан.
Мұның алдында Көлбаевтың қылмыстық тобына тиесілі болып келген тігін фабрикасының мемлекет меншігіне қайтқаны туралы хабарлағанбыз.