Жаңалықтар

Израиль ескертуінен кейін, Еуропа елдері Ливаннан азаматтарын жедел алып кетіп жатыр

Ливан
Ливаннан шамасы бар шетелдіктер кетуде, еңбек мигранттары баспана іздеп жүр/ Фото: bbc.com

Еуропалық Одақ елдері өз азаматтарын Ливаннан асығыс шығарып жатыр. Бір күн бұрын Израиль көрші елдің оңтүстігіндегі елдімекендерді шұғыл эвакуациялау қажет екенін мәлімдеді.

Euronews Германия 2 қазан күні кешке Франкфуртке қонған әскери ұшағымен тағы 130 азаматын елден шығарып алғаны туралы жазды.

Греция 3 қазанда Ливаннан кеткісі келетін 38 кипрлік пен 22 гректі еліне қайтару үшін Бейрутке C-130 әскери әуе көлігін жіберді.

Испания бейсенбі, 3 қазан күні өз азаматтарының бірінші тобын эвакуациялады. Бортында 250 адамы бар екі әскери ұшақ Мадридтің шығысындағы Торрехон авиабазасына қонды.

Интерфакс басылымы Израиль қорғаныс күштерінің (IDF) Ливандағы төрт күн бойы жүргізген рейдтерінде 250-ден астам «Хезболла» содыры, оның ішінде 20-ға жуық қолбасшының өлтірілгені туралы мәліметті жариялады. Бұл туралы жұма күні Израиль әскери қолбасшылығы хабарлаған.

Таяу Шығыстағы жағдай шиеленісті күйінде қалып отыр. Өткен аптаның басынан бері Израиль Ливанның оңтүстігі мен Бейрутта белсенді түрде әуе шабуылдарын жасап, Ливан «Хезболла» қозғалысының инфрақұрылымын қиратуда.

DW ақпараты бойынша Израильдің әуе шабуылынан кейін Ливандағы еңбек мигранттары баспана іздеуге мәжбүр. Соғыстан қашқан жұмыс берушілер оларды көшеге тастап, қақтығыс ошағында құжатсыз қалдырған. Босқындар саны артып келеді және олар мүлем баспанасыз қалуы ғажап емес.

Қазақстанның СІМ ресми өкілі бүгінде Қазақстан азаматтарын қауіпті аймақтан елге аман-есен жеткізу мәселесі ғана алда тұрғанын айтты. Ал ата жұртқа оралғысы келген қандастарға Қазақстан билігі әзірге көмек бере алмайды. Өйткені олардың азаматтығы басқа.

Америкалық әскерилер жұма күні Йемендегі оннан астам хусит нысандарына соққы берді деп хабарлады америкалық шенеунік BBC-дің америкалық серіктесі CBS арнасына.

Таяу Шығыстағы геосаяси жағдай әлемдегі сауда-саттық нарығына айтарлықтай әсер етіп жатыр. Әсіресе, Иранның Ормуз бұғазын жауып тастау ықтималдығы мұнай нарығында үлкен дүрбелең туғызып отыр. Сарапшылар бұғаз арқылы күніне 20 млн баррель көлемінде мұнай тасымалданатынын айтқан.

Еске сала кетейік, 1 қазан күні Иран Ислам революциясының Сақшылар корпусы Израильге жүздеген баллистикалық зымыран ұшырды. Иерусалим мен Тель-Авив қалаларында жарылыс болды.