Жаңалықтар

Астана прокурорлары 40-қа жуық тұрғын үйдің заңсыз салынып жатқанын анықтады. Қанша құрылыс компаниясы жауапқа тартылды?

Астанада 37 құрылыс нысаны заңсыз салынып жатыр / Коллаж: архив kursiv.media 

Астанада прокурорлар заңсыз салынып жатқан тұрғын үйлерді анықтады. Қазірдің өзінде 12 құрылыс салушыға қатысты қылмыстық іс тергелуде.

Бас прокуратураның мәлімдеуінше, бүгінде 37 көпқабатты тұрғын үй заңсыз салынып жатыр. Бұл құрылыс нысанының барлығы елордада орналасқан. Сондай-ақ жекелеген компаниялар үлескерлердің ақшасын заңсыз тартқан.

 «Осы негіздер бойынша биылғы жылы аталған бұзушылықтар үшін ӘҚБтК-тің 320-бабымен 64 құрылыс нысаны бойынша 51 құрылыс салушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 12 құрылыс салушыға қатысты қылмыстық іс тергелуде,» – делінген Бас прокуратура хабарламасында.

Осы орайда Астана прокуратурасы тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу қалай ұйымдастырылатыны туралы мәліметпен бөлісті:

  • Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторының (Қазақстан тұрғын үй компаниясы) кепілдігін алу;
  • Екінші деңгейдегі банктің жобасына қатысу;
  • Ғимараттың қаңқасы салынғаннан кейін, үлескерлердің ақшасын тарту.

Прокурорлар азаматтардың қаражатын басқа тәсілдермен тартуға тыйым салынатынын еске салды. Яғни алдын-ала брондау шарты, брондау, инвестициялау, талап ету құқығын басқаға беру тәсілдері заңсыз деп танылған.

Сондай-ақ жаңа салынып жатқан үйден пәтер сатып алмас бұрын, құрылыс салушының сенімділігін тексеруге шақырды.

Айта кетейік, тамыз айында елордада сот қаулысымен бес құрылыс компаниясы лицензиясынан айырылған болатын. Олар құрылыс-монтаж жұмыстарын сапасыз орындаған және мемлекеттік нормативтерді бұза отырып, жобалық құжаттамадан ауытқыған. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 312-бабының 2-бөлігі бойынша компаниялар кінәлі деп танылды.

Бір айта кетерлігі, Астана қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы жыл басынан бері 426 бұзушылықты анықтады.

Ал 2023 жылы Алматы қала құрылысын бақылау басқармасы таулы жерлерде 54 заңсыз салынған құрылысты анықтаған. Осы анықталған 54 құрылыстың 44-і бойынша басқарма сотқа жүгінген. Сот талап-арыздарды қарап, 44 құрылыстың 31-іне қатысты оң шешім шығарған.