Жаңалықтар

«Табысты болыңдар, бақытты болыңдар!» – экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев референдумда дауыс берді

Фото ©️ Tengrinews.kz / Т. Қазанғапов

Астана қаласындағы №256 учаскеде Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев дауыс берді.

Дауыс беруден кейін экс-президент сайлау учаскесіне жиналған азаматтар мен журналистер алдында қысқаша сөз сөйледі.

«Қайырлы күн! Табысты болыңдар, бақытты болыңдар! Жақсы ма?» – деді де, Нұрсұлтан Назарбаев ешкімге қайырылмастан жүре берді.

Айта кетейік, 8 қыркүйекте Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев Бұқарға барып, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевпен кездесті. Шавкат Мирзеев пен Назарбаев қаланың бірнеше маңызды және көрікті орындарын аралаған. Өзбекстан ақпарат құралдарының дерегінше, Мирзеев қонағымен бірге Бұқар қаласының тарихи-мәдени мұрасын талқылап, оның Өзбекстан үшін ғана емес, бүкіл аймақ үшін маңызды екеніне назар аударған.

27 қыркүйекте Түркістан облысына жұмыс сапарымен барған президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдің көркейе түсуіне Нұрсұлтан Назарбаевтың ықпал еткенін айтты. Президент Түркістанның көрікті, таза қалаға айналғанына назар аударып, бұл ретте облыс мәртебесін берген еліміздің Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі зор екенін атап өткен.