Жаңалықтар

Қазақстанда жалпыұлттық референдум қалай өтті? – live

Референдум по АЭС
Қазақстанда 12 176 968 адам референдумда дауыс беруге құқылы / Фото: Курсив, Аскар Ахметуллин

Орталық референдум комиссиясы қазақстандықтардың саяси науқанға келуі туралы ақпаратпен бөлісті. ОСК хатшысы Мұхтар Ерманның мәлімдеуінше, референдумға әзірге Қарағанды облысының тұрғындары көп барып жатыр. Онда халықтың 30,63 пайызы АЭС құрылысы туралы референдумға келіп дауыс берген.

Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, елорданың комиссиялары ұсынған деректерге сәйкес, сағат 10.00-дегі жағдай бойынша тізімдерге енгізілген азаматтардың жалпы санының 17,79%-ы бюллетень алған. Яғни референдумға қатысуы тиіс 12 244 683 адамның 2 178 593-і АЭС құрылысына қатысты өз таңдауын жасады.

  1. Абай облысы бойынша – 15,36 %
  2. Ақмола облысы бойынша – 17,18%
  3. Ақтөбе облысы бойынша – 19,21 %
  4. Алматы облысы бойынша – 16,31 %
  5. Атырау облысы бойынша – 17,11 %
  6. Батыс Қазақстан облысы бойынша – 16,43 %
  7. Жамбыл облысы бойынша – 16,19 %
  8. Жетісу облысы бойынша – 18,08 %
  9. Қарағанды облысы бойынша – 30,63 %
  10. Қостанай облысы бойынша – 16,90 %
  11. Қызылорда облысы бойынша – 20,91 %
  12. Маңғыстау облысы бойынша – 16,45 %
  13. Павлодар облысы бойынша – 14,04%
  14. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – 15,83%
  15. Түркістан облысы бойынша – 18,56 %
  16. Ұлытау облысы бойынша – 17,40 %
  17. Шығыс Қазақстан облысы бойынша – 17,85 %
  18. Астана қаласы бойынша – 24,08%
  19. Алматы қаласы бойынша – 8,66 %
  20. Шымкент қаласы бойынша – 19,56 %

Республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері, өңір басшылары да дауыс беріп жатыр. Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек №211 сайлау учаскесіне барды.

Ал Алматы әкімі Ерболат Досаев жұбайымен бірге №48 мектеп-лицейінде орналасқан №388 сайлау учаскесінде дауыс берді.

Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Оралдағы Ақпараттық технологиялар колледжіндегі учаскеде дауыс берді.

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың қаладағы Ұзақбай Құлымбетов атындағы №64 орта мектепте дауыс бергені хабарланды.

Сондай-ақ бүгінгі саяси науқанда Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев та бой көрсетті. Ол «Астана опера» театрында орналасқан №256 учаскеде  дауыс берді.

Сағат 12.00-де Орталық референдум комиссиясы өңірлер мен мегаполистерде ел азаматтарының АЭС құрылысы бойынша референдумға келуі туралы алдын-ала деректермен бөлісті. ОРК мүшесі Шавкат Өтемісов ұсынған ақпаратқа сенсек, сағат 12.00-ге дейін 4 804 102 қазақстандық референдумға барып, өз таңдауын жасаған. Бұл халықтың 39,23%-ы. Ең көп дауыс бергендер Шымкент қаласының тұрғындары, халықтың 57, 03%-ы қатысқан. Одан кейінгі орында Қарағанды облысының тұрғындары, онда жалпы дауыс бергендер үлесі 46,89%-ды құрайды. Ал ең аз барған – Алматы қаласының тұрғындары, ондағы сайлаушылардың үлесі – 11,88%.

Предварительные данные о явке на референдум ЦКР РК
Фото: Орталық референдум комиссиясы

Байқаушы қандай заң бұзды?

Рефрендум барысында сайлауға кедергі келтіріп, заң бұзған байқаушылар да анықталуда. Мәселен, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-де орналасқан №2 сайлау комиссиясында байқаушылардың бірі сайлау учаскесін айналып өтіп, сайлаушылар тізімдерін фото және видеоға түсіріп алмақшы болған. Осылайша ҚР заңнамасын бұзып, дауыс беру процесіне кедергі келтірген. Байқаушы төрағаның ескертулерін елемегендіктен, заң шеңберінде учаскеден шеттетілді.

Бас прокуратура мен ІІМ өкілдері бақылауды күшейтті

Ал Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігі референдум учаскелерінде өрескел заң бұзу фактілері анықталмағанын мәлімдейді. Қоғамдық тәртіп пен заңдылықтың сақталуын бақылап отырған құзырлы органдар референдум қалыпты жағдайда өтіп жатқанын атап өтті.  

«Бүгін прокуратура органдарына республикалық референдумға қатысты өтініштер түскен жоқ. Сондай-ақ қазіргі уақытта сот органдарына да талап-арыздар енгізілмеген», – деді Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі басқармасының бастығы Бекжан Қараманов.

ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев болса, әрбір ауданда мобильді жедел-тергеу топтары құрылғанын жеткізді. Бейнебақылау камераларының көмегімен референдум учаскелеріне іргелес аумақтарды бақылау күшейтілген.

14.00. Түс ауа Орталық референдум комиссиясы дауыс беру қалай жүріп жатқанын айтты. ОРК мүшесі Сәбила Мұстафина референдумда 6 млн 339 425 адам дауыс бергенін мәлім етті. Осылайша сағат 14.00-ге дейін халықтың 51,77%-ы референдумға барған. Бұл уақытта ең көп дауыс берген өңір – Түркістан облысы, ондағы халықтың 67,38%-ы саяси науқанға ат салысқан.

«Республикалық референдум туралы» ҚР Конституциялық заңының 31-бабы 2-тармағына сәйкес, егер референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың жартысынан көбі дауыс беруге қатысса, референдум өткізілген деп саналатындығын атап өткен жөн», — деді комиссия мүшесі.

16.00. Алматы қаласының жұртшылығы АЭС салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдумға белсенді қатысып жатқан жоқ. Өңірлер арасында көш соңында келеді. ОРК ұсынған 16.00-дегі жағдай бойынша мұндағы қала тұрғындарының небәрі 20,57%-ы ғана референдумға келіп дауыс берген.

ОРК мүшесі Анастасия Щегорцова өңірлер мен мегополистердегі дауыс беру туралы мәліметтермен бөлісті. Ұсынылған ақпаратқа сүйенсек, 7 миллионнан астам қазақстандық АЭС құрылысы бойынша жалпыхалықтық референдумға қатысқан. Өңірлер бойынша Қызылорда облысы алда (76.15%). Одан кейін 70,73%-бен Түркістан облысы. Белсенділік танытып отырған үшінші өңір – Ақтөбе облысы. Мұндағы халықтың 68,41%-ы өз таңдауын жасаған. Дауыс беру кешкі сағат 8-ге дейін жалғасады. 

Сондай-ақ Орталық референдум комиссиясының мүшесі Астана уақыты бойынша сағат 16.00-де Вашингтон, Нью-Йорк, Оттава қалаларында референдум учаскелері ашылғанын мәлімдеді.

18.00. Референдумда дауыс беруге құқылы электораттың 7,5 миллионнан астамы таңдау жасады. ОРК мүшесі Асылбек Смағұловтың мәлімдеуінше, дауыс берушілердің 61,56%-ы АЭС құрылысы бойынша жалпыұлттық референдумға қатысқан. Бұл уақытта өңірлер бойынша көш басында тағы да Қызылорда облысы болды. Ондағы халықтың 79,87%-ы саяси науқанға барып, дауыс берген. Түркістан облысының жұртшылығы да белсенділік танытуда, бұл өңірдегі халықтың 74,23%-ы өз ұстанымдарын жеткізген. Үздік үштікті 72,5%-бен Шығыс Қазақстан өңірі түйіндеді. Алматы қаласының халқы болса, бұл саяси науқанда аса белсенділік танытпаған. Мұндағы сайлаушылардың тек 22,91%-ы АЭС референдумына барған.

9 елде референдум учаскелері жұмысын аяқтады

19.00. Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко шетелдегі 13 референдум учаскесі жұмысын аяқтағанын мәлім етті. Яғни Оңтүстік Корея, Жапония, Қытай, Сингапур, Малайзия, Моңғолия, Вьетнам, Индонезия мен Тайландтағы дауыс беру учаскелері жұмысын аяқтады. Жалпы шетелдегі 7358-ден астам Қазақстан азаматы өз дауысын берген.

«60 сайлау учаскелері әлі өз жұмысын жалғастыруда. Атап айтқанда, Орталық Азия, Таяу және Орта Шығыс, Еуропа, Оңтүстік Америка және АҚШ елдерінде. Тағы 1 Сан-Франциско қаласындағы учаске Астана уақыты бойынша сағат 20.00-де ашылады. Еске сала кетейін, Қазақстанның шет елдердегі мекемелері жанынан 59 мемлекетте 74 учаскелік референдум комиссиясы құрылған болатын, дауыс беретін сайлаушылардың жалпы саны – 12 307″, – деп хабарлады Роман Василенко Орталық референдум комиссиясында өткен брифингте.

СІМ орынбасары 200-ден астам шетелдік журналист референдум жайлы ақпарат таратып жатқанын да еске салды.

20.00 АЭС салу бойынша референдумда ел азаматтарының 63,87%-ы дауыс берді. 7 820 918 сайлаушы рефрендум учаскелеріне барды. Орталық референдум комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман дауыс берудің соңғы сағатындағы деректерді жариялады.

Саяси науқанда Қызылорда облысы тұрғындарының белсенділігі жоғары болған. Аталған өңірдің 82,48 %-ы референдумға қатысқан. Түркістан облысының халқы да маңызды шешім қабылдауда қалыс қалмады, мұндағы өңір азаматтарының 75,31%-ы дауыс берген. Үздік үштікті 75,11 %-бен Ақтөбе облысының сайлаушылары түйіндеді. Референдум комиссиялары дауыстарды санауға кірісті.