Kcell компаниясы Халық банктен алған 90,5 млрд теңге қарызын толық өтегенін хабарлады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Kcell
Kcell компаниясы 90,5 млрд теңге қарызын жапты / Фото: kursiv.media архиві

«Кселл» ақционерлік қоғамы (Kcell байланыс операторы) былтыр ақпанда алған 90,5 млрд теңге несие желісінің негізгі борышы мен сыйақысын толық өтегенін хабарлады. Компания кредитін 2 ақпан күні жапқан. Бұл туралы хабарлама Қазақстан қор биржасында орналастырылған.

Kcell байланыс операторы 2023 жылдың басында Halyk bank-тен 90,5 млрд теңгеге тең несие желісін ашу туралы келісіміге қол қойды. Бұл қарыздың мақсаты – қажет жабдықтарды сатып алу мен айналым қаражатын толықтыру деп көрсетілген еді. Қарыз мөлшері эмитент активтері құнының 20%-нан асқан. Сол кезде компания  326,4 млрд теңге активке иелік ететін.

Бұл қарызды компания 2026 жылдың қазанына дейін толық өтеуі тиіс еді. Экономист Бауыржан Шурманов компания қарызды ел бойынша 5G станцияларын салу үшін алуы мүмкін деп пікір білдірген болатын.

Kcell – Қазақстан телекоммуникация нарығындағы ірі ұялы байланыс операторларының бірі.  Жақында компания акционерлерінің қатарына 14,87% үлесімен KC HOLDING LTD компаниясы қосылды. Алайда акциялардың түпкілікті иесі өзгерген жоқ. Кәсіпкер Ғалымжан Есенов бұрын оған тікелей иелік етсе, енді АХҚО-да тіркелген компаниясына берді.

Компания акциясының 51%-на иелік ететін негізгі акционері – «Қазақтелеком» АҚ. «First Heartland Jusan Bank» АҚ 9,08 акциясын иеленеді. 14,87% үлесі KC HOLDING LTD компаниясы арқылы – Ғалымжан Есеновке, «БЖЗҚ» акционерлік қоғамына 7,07%-ы тиесілі.

2024 жылдың бірінші жартыжылдықта Kcell-дің таза кірісі үш есе қысқарған. Компанияның жалпы пайдасы 18,8%-ға, 29,491 млрд теңгеге дейін, операциялық пайда – 1,6 есе, 16,039 млрд теңгеге, салық салынғанға дейінгі пайда – 3,4 есе, 7,018 млрд теңгеге дейін төмендеді.

Сондай-ақ оқыңыз