Пхукет туристік қауымдастығы қазақстандық туристерге қаржылық тұрғыдан еш шектеу жоқ екенін хабарлады. Бұған дейін Таиландта саяхаттайтын туристердің шоттарында шамамен 4,4 млн теңге болуы керек деген хабар тараған.
«Туристер үшін ақпараттың растығын тексеру үшін тиісті органдарға хабарластық. Пхукет губернаторы Софон Суваннарат пен Иммиграциялық бюро қазіргі уақытта елге барған туристерден банктің шот көшірмелерін (выписка) ұсынуды талап ету үшін ереже қабылдау немесе шектеу қою жоспарда болмағанын нақтылады. Тиісінше, бұл жайында ақпарат жалған екенін мәлімдейміз», – делінген туристік ассоциация ұсынған құжат мәтінінде.
Бір апта бұрын Phuket News Пхукет губернаторы Сопхон Суваннарат туристерге қаржылық шектеулер енгізуді ұсынғаны туралы жазды. Егер шотында 4,4 млн теңге болмаса, қазақстандықтар Пхукет аралына кіре алмайтынын ескерткен.