Денсаулық сақтау министрлігі 10 аймақтағы 24 медициналық мекеменің несие берешегінің себебін іздеген. Бұл туралы министрліктің kursiv.media ресми сауалына берген жауабында жазылған.
Министрлік негізгі үш себепті анықтаған.
- Біріншіден, медициналық ұйымдардың басшыларының шешімдері қате болуы немесе менеджмент деңгейінің төмен болуы. Яғни басшылық медициналық қызмет көрсету стандарттарын бұзып, жөндеу жұмыстарын жүргізіп, несие берешегі бола тұра үстемақы таратып отырған.
- Екіншіден, медициналық аппараттар мен дәрі-дәрмектер сатып алу кезінде сараптама жүргізілмеген.
- Үшіншіден, инфляция деңгейіне байланысты тариф индекстелмеген.
Министрлік ақпаратына сүйенсек, 2024 жылдың 20 қыркүйегіне дейін елдегі 20 жедел жәрдем қызметінің 1 млрд теңге несие берешегі бар.
Дегенмен бұл осы салаға бөлінген жылдық бюджетпен салыстырғанда, әлдеқайда аз сома болып көрінеді. Науқастарды тасымалдау, яғни жедел жәрдем қызметіне 2022 жылы – 76,8 млрд теңге, 2023 жылы – 102,67 млрд теңге, 2024 году – 112,5 млрд теңге бөлінген.
Жалпы медицинаға кеткен шығын 2024 жылдың өзінде 2,8 трлн теңгеге жеткен. Оның 20%-ы – стационарлық көмекке, 19% – алғашқы жедел жәрдем көмегіне, 15% – консультативті-диагностикаға, 9%-ы – амбулаторлық дәрі-дәрмекке, басқа бөлігі өзге де шығындарға жұмсалған.
Жыл соңына дейін медицина шығындарына әлі 63,6 млрд теңге қажет. Оның ішінде жедел жәрдемге – 9,6 млрд теңге, алғашқы көмек көрсетуге – 23,3 млрд теңге, гемодиализге – 4,1 млрд теңге, ЖМК – 7,8 млрд теңге, ЖТМК – 1,5 млрд теңге, инфекциядан қорғануға – 3,9 млрд теңге, онкогематологияға – 3,5 млрд теңге, амбулаторлық көмекке – 4 млрд теңге, тарифтерді көбейтуге – 5,4 млрд теңге, сот атқару құжаттарына – 0,5 млрд теңге қажет.
Осыған дейін 2023 жылдың қорытындысы бойынша елдегі 423 медициналық мекеменің несие берешегі 82,3 млрд теңгені құрағанын жазған едік.