Мәжіліс депутат Нартай Аралбайұлы Үкімет басшы Олжас Бектеновтің атына сауал жолдады. Сауалында Талғарда кісі қолынан қайтыс болған Шерзат Болаттың ісіне қатысты пікір білдірген.
«Себебі Шерзаттың әкесі тергеудің тұралап тұрғанын, аудандағы құзырлы орын өкілдерінің істі созбаққа салып жатқанын, қылмыскерді қойып баласынан айрылған отбасын түнде тергеуге шақырып алып өктем сөйлегенін айтып бейнеүндеу жасады. Ел өре түрегелді, артынша «істі ІІМ-і өз бақылауына алды» деген ақпарат тарады. Қоғамды қорқытатыны осы, қылмыскерді жазалау үшін, әділдікке жету үшін бейнеүндеу жасап әр істі бір министрдің бақылауға алғанын күтіп отыру керек пе? Неге жергілікті жердегі құқық қорғау орындары дереу істің ақ-қарасын анықтап әділ тергеу өткізбейді?», – деп сұрады депутат өз сауалында.
Ол құқық қорғау органдары істі бірден назарға алмаған жағдайда жапа шеккен тараптың ашуға бой алдырып, қылмыскерді жазалауға өздері мүмкін екенін алға тартты. Депутат полицияға деген сенімді арттыру үшін мемлекеттік деңгейде кешенді шаралар қабылдау керек екендігін атап өтті.
Депутат осы кезген дейін елде болған бірнеше қайғылы оқиғаларды да еске ала кетті. Ақтөбеде он шақты оқушының 14 жасар баланы жабылып сабап өлтіргенін, Павлодарда бұзақылардың жасөспірімді сабағанын, Ақтауда жасөспірімдердің жаппай төбелесі болғанын, тіпті қыркүйек айында ғана Талғар ауданында бұзақының кішкентай баланы сабағанын еске алды.
Ол мектептердегі «Құқық негіздері» пәнінің бағдарламасын қайта жасауды ұсынды.
Осыған дейін Шерзат Болаттың туыстары полиция мен жедел жәрдем кезекшілерін жұмыстан шығаруды сұрап, президентке жүгінгендерін жазған едік.