Қазақстандағы «Ата-аналар одағы» (Союз родителей) аталатын ұйымның өкілдері «Феминита» ұйымының Алматыда өтіп жатқан «ЛГБТ құрылтай» атты жабық шарасына басып кірді. «Феминита» өкілдері полицияға қоңырау шалған. Құқық қорғау қызметкерлері екі ұйымның өкілдерін де ұстап әкетіп, шараға қатысушылардың жеке мәліметтерін жинаған.
9 қазанда «Феминита» ұйымы Алматыда өткізіп жатқан «Лесбиан құрылтайда» экология және жануарларды қорғау мәселелері қаралып жатқан. Дәріс кезінде құрылтайға «Ата-аналар одағының» жетекшісі Бағила Балтабаева өз жақтастарымен келген. «Феминита» ұйымының жетекшісі Жанар Секербаева полиция шақырған.
«Олар есікті қағып, айқайлай бастады. Бізді жиналып алып, жасөспірімдерге ЛГБТ-ны насихаттап жатыр деп айқайлады», – деді KursivMedia-ға пікір білдірген шараға қатысушы Анастасия Рощупкина.
Полиция оқиға орнына келгеннен кейін екі тараптың үстінен де шағым түскенін айтып, жиналғандардың жеке мәліметтерін алған. Шараға қатысушыларды ғимараттан шығарудан бас тартып, полиция бөлімшесіне баруларын сұраған.
Феминистер өздерінің экология туралы айтып жатқанын ескертіп, полицейлерге презентацияларын көрсеткен. Дегенмен полиция қызметкерлері өз айтқандарынан қайтпаған.
Нәтижесінде «Феминита» белсенділері Гүлзада Сержан мен Жанар Секербаеваның, сондай-ақ «Ата-аналар одағының» жетекшісі Бағила Балтабаеваның және тағы бір белсенді полициямен бірге Алмалы аудандық бөлімшесіне кеткен. Гүлзада Сержан полиция бөлімшесінде Бағила Балтабаеваның үстінен арыз жазған.
KursivMedia жағдайға байланысты түсініктеме алу үшін Алматы полиция департаментіне хабарласқан. Материал жария болғанға дейін департаменттен жауап келген жоқ.
Осыған дейін «Феминита» ұйымы өткізіп жатқан құрылтайға Алматы әкімдігінің кедергі келтіріп жатқаны туралы жазған едік.