Жаңалықтар

«ҚазМұнайГаздың» еншілес компаниясы Түрікменстанда бұрғылау жұмысын бастайды

ҚМГ
ҚМГ қай елде бұрғылау жұмысын бастайды / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«ҚазМұнайГаздың» еншілесі кәсіпорны – «KMG Drilling & Services» компаниясына тиесілі Satti бұрғылау қондырғысы Түрікменстанның Шелекен кен орнында бұрғылау жұмысын бастайды. Бұл туралы ҚМГ баспасөз қызметі хабарлады.

Өзі көтерілетін Satti қалқымалы теңіз бұрғылау қондырғысы – Қазақстанда жасалған. Бұл құрылғы күрделі теңіз жағдайларында бұрғылау жұмыстарын жүргізуге арналған.

2021 жылы модификациядан өткеннен кейін, құрылғылардың жүк көтеру қуаты 453 тоннадан 680 тоннаға дейін артқан. Нәтижесінде ауқымды жобалар үшін жаңа мүмкіндік ашылды. Қондырғы 6 мың метрге дейінгі тереңдіктегі ұңғымаларды бұрғылай алады.

«Шетелдегі жобаларда «Satti» платформасының табысты пайдалануы Қазақстанның жоғары сапалы қызмет көрсетіп, әлемдік деңгейде күрделі мұнай-газ жұмыстарын орындау қабілетін растап отыр», – делінген компания хабарламасында.

Бұрғылау жұмысы басталуына байланысты Ашхабад қаласында «KMG Drilling and Services» компаниясының бөлімі ашылған. Бұл іс-шара еліміздің халықаралық мұнай сервисі қызметі нарығына қатысуын кеңейте отырып, Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтады.

Биыл тамыз айында KMG DS және Dragon Oil Turkmenistan Limited Каспий теңізінің түрікмен секторында бұрғылау жұмыстарын жүргізуге келісімшарт қабылдаған.

«KMG Drilling & Services» ЖШС – «ҚазМұнайГаздың» еншілес компаниясы. Каспий теңізінің қазақстандық секторында бұрғылау қызметтерін көрсететін жетекші кәсіпорын. Satti алғашқы теңіз бұрғылау қондырғысына иелік етеді. Dragon Oil Turkmenistan Ltd — DragonOil компаниясының еншілес ұйымы. Каспий теңізіндегі Шелекен аумағында көмірсутектерді барлау және өндірумен айналысады. Кәсіпорын EmiratesNational Oil Company (ENOC) меншігінде.

Ақпан айында Dragon Oil Каспий теңізінің түркімен секторында, соның ішінде 19 блоктағы үш жаңа мұнай кен орнында геологиялық барлау жұмысын бастап жатқаны хабарланған.