«Теңгенің тұрақтылығына сенемін»: Ұлттық экономика вице-министрі валюта бағамы өзгермелі дәліз аясында құбылып тұр деп тұжырымдайды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Арман Қасенов теңгенің тұрақтылығына сенеді / Фото: shutterstock.com

Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов қазіргі кезде теңге бағамы тұрақты деп тұжырымдайды. Оның айтуынша, бағам түрлі валюталар жұбында өзгермелі дәліз аясында құбылып тұр.

Журналистер Сенат отырысының кулуарында ҰЭМ өкілінен теңгенің құнсыздануына қатысты пікірін сұрады.

«Теңге – тұрақты валюта. Оған сыртқы және ішкі әртүрлі факторлар әсер етуі ықтимал. Кез келген валюта секілді, ол елдің экспорт пен импортына тәуелді болады. Сондықтан осындай факторлардың әсерінен курс өзгеруі мүмкін. Десе де, қазір ұлттық валютаның тұрақты екені байқалып тұр. Теңгедегі депозиттердің табыстылығы инфляцияны ескергеннің өзінде, басқа валютадағы депозиттердің табысымен салыстырғанда, әлдеқайда жоғары. Сондықтан мен теңгенің тұрақтылығына сенемін», – деді Қасенов.

ҰЭМ өкілінің айтуынша, теңге бағамының бұлайша кұбылуынан экономикаға келер кері әсер жоқ. Өйткені биыл экспорт көлемі 2023 жылмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары, импорт көлемі төмендеген. Қазақстанның төлем балансы да тұрақты.

9 қазанда елде доллар бағамы 2022 жылдың 24 наурызынан бергі ең жоғарғы мәнге жетті. Бұл – теңгенің кейінгі 30 айда құнсыздануының ең жоғары шегі.

Мұнай бағасы, инфляция, сауда балансы және Ұлттық банктің саясаты теңге бағамына әсер еткен ең маңызды факторлар қатарында. Ал геосаяси жағдайлар, рубльдің өзгеруі мен шетелдік инвестициялар да теңгенің тұрақтылығына айтарлықтай ықпал етеді. Қазақстанның экономикасы мұнайға және сыртқы саудаға тәуелді болғандықтан, әлемдік нарықтардағы өзгерістер теңге бағамын қатты әсер етеді.

Сарапшы Арман Бейсембаев Қазақстан валютаның таргеттелетін курсынан бас тартқандықтан, «девальвация» болуы мүмкін емес екенін айтады. Өйткені Қазақстан еркін бағамды ұстанады. Теңге тек әлсіреп, бағамы біртіндеп төмендеуі мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз