Жаңалықтар

Милтон дауылы Флориданың батыс жағалауына жетіп, екі миллионға жуық халық жарықсыз қалды

Милтон дауылы, жағалауға жетті / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Милтон дауылы Флориданың батыс жағалауындағы құрлыққа жетті. Желдің максималды жылдамдығы сағатына 165 шақырымды құрады деп хабарлайды АҚШ Ұлттық дауылды бақылау орталығы.

АҚШ Ұлттық урагандарды зерттеу орталығының мәліметі бойынша, Гринвич уақытымен түнгі екіде «Милтон» құрлыққа шыққаннан кейін әлсіреп, екінші деңгейге дейін төмендеді. Екінші категориялы ураганның тұрақты жел жылдамдығы 154-тен 177 км/сағ аралығында болады.

CNN-нің хабарлауынша, АҚШ-тың Федералды төтенше жағдайлар агенттігінің басшысы Диэнн Крисвелл Флорида тұрғындарын баспаналарынан шығып кетпеуге шақырды және «Милтон» әлі де өмірге қауіп төндіретінін ескертті.

Екі миллионға жуық тұрғын электр қуатынсыз қалды

«Милтон» Флоридаға үлкен соққы бермей тұрып-ақ, оның перифериясындағы дауылды желдер, торнадо және нөсер жаңбырлар штаттың түкпір-түкпіріндегі жүздеген мың абонентті электр қуатынан айырды.

PowerOutage.us мәліметінше, Флорида штатындағы әртүрлі аудандарда шамамен 1 млн 500 мың тұрғын үй мен компания электр қуатынан ажыратылғанын хабарлады.

Сент-Питерсберг қаласында жауын-шашын мөлшері 400 мм-ге жетті

Штаттағы Сент-Питерсберг қаласында «Милтон» ураганының әсерінен 16 дюйм, яғни 400 мм-ден астам жауын-шашын түскен. CNN метеорологы Чед Майерстің айтуынша, бұл судың жартысы екі сағат ішінде, «Милтонның» орталығы қаладан оңтүстікке қарай 70 шақырым қашықтықта құрлыққа жеткенде түскен.

Мысалы, Лондон қаласында жылына орташа есеппен 600 мм жауын-шашын түседі.

Флорида штатының көптеген аймақтарында, соның ішінде Сент-Питерсберг қаласының көршілес Тампа қаласында су тасқыны қаупіне байланысты қайта-қайта ескерту жасалып жатыр.

Еске сала кетейік, Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігі қазақстандықтарды Флорида, Джорджия және Оңтүстік Каролина штаттарынан шұғыл кетуге шақырған еді.