Алматыда футболдан Қазақстан – Словения матчы күні жанкүйерлер үшін тегін автобустар қатынайды

Жарияланды 10 Қазан 2024 17:00

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Қазақстан – Словения матчына тегін автобустар қатынайды / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Алматыда футболдан Қазақстан – Словения матчы күні жанкүйерлер үшін тегін автобустар қатынайды, бұл туралы Алматы спорт басқармасы хабарлады.

Қалада қосымша 8 автобус бөлініп, тегін экспресс-маршруттар мына мекенжайлар бойынша қатынайтын болады:

  • «Шұғыла-City ТҮК аялдамасы – Орталық стадион»;
  • «Halyk Arena аялдамасы – Орталық стадион»;
  • «Алатау театры аялдамасы – Орталық стадион»;
  • «Алматы-1 теміржол вокзалы аялдамасы – Орталық стадион».

Автобустар сағат 16:00-де жүріп, 20:30-да кері қайтады. Орталық стадионнан шығатын автобустар Абай даңғылы мен Сәтбаев көшесінің арасындағы Байтұрсынов көшесінің бойындағы тұрақта тұрады.

Сонымен қатар жолаушылар легінің артуына байланысты қала тұрғындары мен қонақтарына ыңғайлы болу үшін Орталық стадион арқылы өтетін №34, 92, 118, 120, 120а, 79, 121 автобустарының бағыты күшейтіледі.

Сондай-ақ Алматының спорт басқармасы жанкүйерлерді билетті алдын ала Қазақстан футбол федерациясының ресми серіктесі Ticketon қызметінен ғана сатып алуға және Орталық стадионға ертерек келуді ұсынады. Орталық стадионға сағат 16:00-ден бастап кіруге болады.

Өткізу жүйесін жақсарту үшін билетке адамның аты-жөні жазылады. Стадионға билетте жазылған адам жеке басын растайтын құжатын көрсеткен соң кіргізіледі.

Еске сала кетейік, 13 қазан күні сағат 18:00-де Алматының Орталық стадионында УЕФА Ұлттар лигасының топтық кезең аясында Қазақстан – Словения матчы өтеді.

Сондай-ақ оқыңыз