Қазақстандықтар жеке куәлікті телефондағы Wallet қосымшасына енгізе алады

Жарияланды 10 Қазан 2024 12:52

(жаңартылды 10 Қазан 2024 14:22)
Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Қазақстандықтар жеке куәлікті Samsung Wallet-ке енгізе алады / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстан азаматтары енді Egov Mobile қосымшасындағы цифрлық жеке куәліктерін Samsung Wallet электронды әмиянына енгізе алады. Бұл жоба пилоттық режимде Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және Samsung Electronics Central Eurasia компаниясымен бірлесе жүзеге асырылып отыр.

Министрліктің мәліметінше, Samsung Wallet-тағы цифрлық жеке куәлік — бұл жеке мәліметтерді сақтау үшін ыңғайлы әрі қауіпсіз әдіс. Азаматтар құжаттарын цифрлық форматта тез әрі қауіпсіз түрде ұсына алады, физикалық құжаттардың жоғалып кетуінен немесе ұрлануынан қорықпайды. Барлық дерек көп деңгейлі қауіпсіздік жүйесімен қорғалған. Бұл жеке ақпараттың сақталуына сенімді кепілдік береді.

Бұл функция Samsung смартфондарының қолданушыларына, яғни құрылғыларында Egov Mobile қосымшасы орнатылған адамдарға қолжетімді.

Құжаттарды қосу үшін пайдаланушыға мына әрекеттерді орындау қажет:

1. Egov Mobile қосымшасына кіріп «Цифрлық құжаттар» сервисін таңдау;
2. Цифрлық құжаттар арасынан «Жеке куәлікті» ашып, «Samsung Wallet-ке қосу» батырмасын басу;
3. Жеке деректерді өңдеуге келісім шартын оқып, оны растау және ЭЦҚ арқылы «Қол қою».

Цифрлық куәліктегі деректердің жарамдылық мерзімі физикалық куәліктегі мерзіммен сәйкес келеді. Егер уақыт өте келе куәліктегі ақпарат өзгерсе, пайдаланушы қазіргі цифрлық куәлікті өшіріп, жаңартылған физикалық куәлік бойынша қайта енгізе алады.

Еске сала кетейік, бұған дейін eGov порталында жүрілген автокөліктердің бұрынғы иелеріне қатысты толық мәліметті көруге болатын жүйе іске қосылған еді.

Сондай-ақ оқыңыз