
Шығыс Қазақстанда «Ақ Берел» туристік соқпағы 26 маусымнан бастап қайта ашылды. Бұл туралы «Қатон Қарағай» ұлттық паркі хабарлайды.
«Ақбұлқақ өзеніндегі су деңгейінің тұрақтануына және қауіпсіздік жағдайының қалыпқа келуіне байланысты, бүгіннен бастап «Ақ Берел» туристік соқпағы келушілер үшін қайта ашылғанын хабарлаймыз», – деп таратты ұлттық парктің баспасөз қызметі.
Мекеме туристер қауіпсіздігі үшін барлық жағдай жасалғанын ескертті.
Соқпақ 2026 жылғы 15 маусымда уақытша жабылған. Оған қар суының еруінен өзен деңгейі күрт көтерілуі себеп болған. Тасқын кезінде ағаш көпірлерден өту тым қауіпті деп танылған.
«Ақ Берел» туристік соқпағы Алтайдың ең жабайы әрі көркем жерлерін басып өтеді. Ұзақтығы – шамамен 50 шақырым. Жаяу немесе атпен жүруге арналған күрделі экомаршрут. Саяхатшылар осы бағытты әдетте төрт күннен 10 күнге дейін уақыт бөліп жүріп өтеді.
Бұған дейін Kursiv.Media Қатонқарағайда қоңыр аю, тауешкі, құны және қасқыр фототұзаққа түсіп қалғаны туралы жазған.