Ішкі істер министрінің бұрынғы бірінші орынбасары және жақында ғана сенатор болған Марат Қожаев Талғардағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты пікір білдірді. Сенатор 16 жастағы баланы өлтірді деп күдікке ілінгендердің соты қоғам назарында болуын және ашық өту керек екенін айтады.
Марат Қожаев өзінің ұзақ жылдар бойы құқық қорғау органдарында жұмыс істегенін еске салып, мұндай жағдайлар дамыған елдер де орын алып жататыны атап өтті. Айтуынша, бұл кешенді мәселе.
«Қазір бұл істі Ішкі істер министрі мен прокуратура бақылауына алды. Менің ойымша, іс заң аясында және объективті түрде тергеледі. Қоғамның талабы ашық соттар болсын дейді. Кейбіреулерге ол керек пе, керек жоқ па?! Бірақ мен ойлаймын қоғамның осындай күрделі мәселелерін ашық түрде талқылау керек шығар», – деді Марат Қожаев Сенаттың жалпы отырысынан соң.
Сондай-ақ журналистер жасөспірім өліміне қатысы бар күдіктілер арасында бұрын істі болған азаматтың барын еске салды. Осыған байланысты заңды қатаңдату мәселесі қарала ма деп сұрады.
«Мен бір нәрсені айтайын, біздегі заң онсызда өте қатал. Қоғамдағы қатыгездік немесе зорлық-зомбылық мәселесін заңнаманы қатаңдату арқылы шешу, менің ойымша нәтижелі болмайды. Шындығында, бұл кешенді әлеуметтік мәселе. Ол отбасыдағы тәрбиеден бастап, білім беруге дейін жалғасады. Адами қасиеттері, оның бойына қандай құндылықтар сіңгеніне байланысты. Оны тек жазамен, заңның күшімен түзеуге болмайды. Өздеріңіз білесіздер көршіміз Қытайдың заңы бізден де қатал, оларда өлім жазасы бар, бірақ соған қарамастан қылмыстар орын алып жатады», – деді ІІМ басшысының бұрынғы орынбасары.
4 қазан күні түнде Талғарда бір топ адам төбелесіп, салдарынан екеуі жарақат алып, 16 жастағы жасөспірім қайтыс болды.
7 қазан күні қайтыс болған баланың туыстары Талғар ауданы әкімдігінің алдына жиналып, жолды жауып, тергеудің әділ өтуін талап екен. Баланың әкесі 4 қазаннан бері жергілікті құқық қорғау орындары еш іс-әрекет жасамай, қылмыстық істі бұрмалап отыр деп мәлімдеді. Сонымен қатар, іске қатыстылардың бәрі толық ұсталмағанын айтқан.
8 қазанда Алматы облысы, Талғар ауданында кісі қолынан қаза тапқан 16 жастағы жасөспірімнің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалғаны хабарланды. Ал әділ тергеуді талап етіп, аудандық әкімдікке жиналған туыстарына тергеу әділ және жан-жақты өтеді деген уәде берілген. Ішкі істер министрі Ержан Сәденов оқиғаны өз бақылауына алғанын жазды.
Сондай-ақ, Талғардағы жасөспірім өлімінің куәгері жағдайды баяндап берді. Полиция мен жедел жәрдемге хабарласқан оқиға куәгері қайғылы оқиға орнына полиция жедел жәрдемнен бұрын жеткенін айтты. Осыдан соң, Шерзат Болаттың туыстары полиция мен жедел жәрдем кезекшілерін жұмыстан шығаруды сұрады.
Күні кеше қоғам назарын аутдартқан қайғылы оқиға Мәжіліс төрінде де қозғалды. Депутат Нартай Аралбайұлы Үкімет басшы Олжас Бектеновтің атына сауал жолдады.