Жаңалықтар

KEGOC компаниясы акционерлеріне 22 млрд теңге дивиденд төлейді

Фото: kursiv.media архивінен

KEGOC электр желілерінің ұлттық операторы 2024 жылдың 6 айында тапқан таза пайдасының 64,5%-ын дивиденд ретінде төлейді. Бір акцияға төленетін дивиденд – 82,40 теңге. Жалпы 22 млрд теңге бөлінбек.

Компания акцонерлерінің кезектен тыс жиналысында кәсіпорынның қаржы есебі, таза пайданы бөлу тәртібі бекітілген.

«Акционерлер қоғамның есепті кезеңдегі қызметінің қорытындылары бойынша таза пайданың 64,5% немесе 22 млрд теңгені дивидендтерді төлеуге бағыттау туралы шешім шығарды. Осылайша, «KEGOC» АҚ бір қарапайым акциясына төленетін дивидендтің мөлшері 82,40 теңгені құрады», – делінген хабарламада.

Қарапайым акциялар бойынша дивиденд алуға құқылы акционерлер тізімі 28 қазанда тіркеліп, 1 қарашадан дивиденд төлене бастайды. Қаражат қолма-қол ақшасыз, «Бағалы қағаздар орталық депозитарийі» төлем агенті арқылы акционерлердің шоттарына аударылады.

Айта кетейік, KEGOC акционерлеріне жылына 2 рет дивиденд төлейді. Оған таза пайданың кем дегенде 60%-ы бөлінеді.

Ұлттық оператордың аудиттелген қаржы есебіне сәйкес, 2024 жылдың алты айында KEGOC таза кірісі 35,2 млрд теңгені құраған. Бұл 2023 жылдың І жартыжылдығымен салыстырғанда 53%-ға жоғары. Былтыр 6 айда компания 23,0 млрд теңге таза пайда тапқан. Негізгі акционері – «Самұрық-Қазына» қоры». Қор ұлттық оператордың 85% акциясына иелік етеді.

Акцияларының 15%-ы 2014 және 2023 жылдары «Қазақстан қор биржасы» мен Астана халықаралық биржасында орналастырған. Соның 6,87%-ын БЖЗҚ сатып алған. Қалған бөлігі жеке акционерлердің қолында. 

Жақында KEGOC компаниясы «Өлке» және «Қаратабан» қосалқы стансасы мен оларды біріктіретін электр желісінің құрылысына 138,4 млрд теңге жұмсайтыны белгілі болды.