Qarmet Қытай банктерінен 1,3 млрд доллар қарыз алуды жоспарлап отыр

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің редакторы
Qarmet Қытай банктерінен не үшін қарыз алмақ / Коллаж: kursiv.media, бильд редактор Ахтам Зиперов

Qarmet компаниясы (бұрынғы «АрселорМиттал Теміртау») Қытай банктерінен 1,3 млрд доллар қарыз алмақ. Бұл қаржыны өз инвестициялық бағдарламаларын жүзеге асыруға жұмсайды. Бұл туралы компания бас директорының қаржы және стратегиялық даму жөніндегі орынбасары Зәуре Зәуірбекова мәлімдеді.

«Жабдықтардың негізгі бөлігі көрші елден жеткізілетіндіктен, қазір Қытай банктерімен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Мәселен, кокс пешінің аккумуляторын жөндеу және қайта құру жобасына 460 млн доллар керек. Ал жабдықты ауыстыруға қажет қаржы 700-800 миллион долларға жетуі мүмкін», – деді Зәуірбекова жұма күнгі баспасөз мәслихатында.

Компания өкілі қазақстандық банктер және халықаралық даму институттарымен де келіссөз жүргізіліп жатқанын айтады. Еуразиялық даму банкі де Qarmet-тің жобаларына қызығушылық танытқан. Бұл жобалардың жалпы құны 1,3 млрд долларды құрайды.

«Еуразиялық даму банкімен ұзақ уақыттан бері жұмыс істеп келеміз. Қаржы ұйымы қазір түрлі жобаларды қарастырып жатыр, 1,3 млрд доллар көлемінде қарыз беруге дайын. Бірақ қарыз нақты жобаларға берілетіндіктен, көп нәрсе жобаны жүзеге асыру мерзіміне тәуелді. Соған байланысты біз түрлі бағдарламалар дайындадық», – деп нақтылады Зәуре Зәуірбекова.

Оның айтуынша, құны 3,5 млрд доллар инвестициялық бағдарламаны қаржыландыру үшін халықаралық және қазақстандық банктердің синдикаты құрылады.

2023 жылдың күзінде «Арселор МитталТеміртау» компаниясына тиесілі Костенко шахтасында апат болып, салдарынан 46 кенші қаза тапқан. Бұл қайғылы оқиғадан кейін Президент Қасым Жомарт-Тоқаев ArcelorMittal компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды.

Былтыр желтоқсан айында Лакшми Миттал қазақстандық активтерін QIC компаниясына берді. Үкімет зауытты Митталдан 286 млн долларға сатып алған. Зауытқа жаңа инвестор ретінде кәсіпкер Андрей Лаврентьев келіп, атауы Qarmet болып ауысты. Андрей Лаврентьев 33,5 млрд теңге инвестиция салатыны хабарланды.

Биыл тамызда Қасым-Жомарт Тоқаевтың өндіріске сапары кезінде компания басшысы Андрей Лаврентьев пен кәсіпорынның бас директоры Вадим Басин Qarmet қосымша жобаларға 1,5 млрд доллар бөлуді жоспарлап отырғанын жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыз