Oskemen Open 2024 халықаралық шахмат турнирінің жеңімпаздары анықталды

Жарияланды 11 Қазан 2024 15:15

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Международный шахматный турнир Oskemen Open прошел в Усть-Каменогорске
Oskemen Open 2024 халықаралық шахмат турнирінің жеңімпаздары анықталды / фото: Қазақстан шахмат федерациясы

10 қазанда Өскемен қаласында тұңғыш рет ұйымдастырылған Oskemen Open 2024 халықаралық шахмат турнирі өз мәресіне жетті. Бұл турнирге әлемнің 15 елінен белгілі гроссмейстерлер мен халықаралық дәрежедегі шеберлер қатысты. Шараны Қазақстан шахмат федерациясы мен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі ұйымдастырды.

Федерацияның мәліметінше «Masters» турнирінде 1900-ден жоғары рейтингі бар 121 спортшы қатысса, «Open» санатына 2100-ден төмен рейтингі бар 74 шахматшы қатысты.

Негізгі турнирдің жеңімпазы – 29 жастағы украиналық гроссмейстер Виталий Бернадский (2530) болды. Ол алғашқы турдан бастап көш бастап, соңғы турларда да өз артықшылығын сақтап, жеңіске жетті. Бернадский 5 млн теңге көлемінде ақшалай сыйақы алды. Екінші орынды қытайлық гроссмейстер Бай Цзиньши (2549) иеленіп, 3,5 млн теңге көлемінде жүлдеге ие болды. Үшінші орын және 2,5 млн теңге сыйлық өзбекстандық гроссмейстер Жахонгир Вахидовқа (2572) бұйырды. Вахидов 2024 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері атанған еді.

«Masters» турниріндегі үздік нәтиже көрсеткен әйел шахматшы ретінде ресейлік Яна Жапова (ФИДЕ, 2183) және Қазақстан құрамасының ең жас мүшесі 16 жастағы Алдияр Ансат (2456) ең үздік қазақстандық шахматшы ретінде 1 млн теңгеден сыйақы алды. Жалпы турнирдің жүлде қоры 24 млн теңгені құрады, үздік 15 ойыншы ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

«Open» санатындағы турнирде 74 шахматшы бақ сынасты. Соңғы турда көшбасшылар Ален Сулеев (2084) пен Кумар Гаурав (2040, Үндістан) кездесіп, Гаурав жеңімпаз атанды. Ол 1 млн теңге сыйақыға ие болды. Екінші орынды астаналық ФИДЕ шебері иеленсе, үшінші орынды Арлен Абдрашев (1956) алды. Бұл турнирдің жалпы жүлде қоры 4,5 млн теңгені құрады, үздік 7 ойыншы және әйелдер, ардагерлер, 10 және 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы жеңімпаздар марапатталды.

Айта кетейік, Oskemen Open – 2024 жылғы Қазақстан кубогының екінші кезеңі. Алғашқы кезең – Aktobe Open 2024 мамыр айында өтті, ал келесі кезең – Pavlodar Open 13-21 қазан аралығында Павлодарда өтеді. Кубоктың финалы қараша айында Алматыда өтеді.

Сондай-ақ оқыңыз