Футболдан Қазақстан құрамасы Аустриядан 4-0 есебімен жеңілді

Жарияланды 11 Қазан 2024 09:35

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Аустрия-Қазақстан ойыны 4-0 есебімен аяқталды / фото: KFF

11 қазанға қараған түні Линц қаласында Қазақстан футбол құрамасы Аустрия командасынан 4-0 есебімен жеңілді.

Командалар Ұлттар лигасының В3 тобы аясындағы үшінші турдың матчында кездесті. Ойын «Райффайзен Аренада» өтіп, алаң иелерінің пайдасына аяқталды.

Қазақстан құрамасы 10 минутта алғашқы голды жіберіп алды. Аустриялық футболшы Кристоф Баумгартнер допты тартып алып, Игорь Шацкий қорғаған қақпаға дәл соққы бағыттады. 54 минутта Филипп Линхарт бұрыштан келген допты баспен қақпаға бағыттап, есепті еселеді. Одан кейін Аустрия құрамасының капитаны Марсель Забитцер үшінші голды соқса, Маттиас Зайдль ойынды Қазақстан құрамасы үшін ауыр жағдайға түсіретін төртінші голды салды.

Бұл матчта Қазақстан құрамасы қарсыластарының шабуылына төтеп бере алмай, айқын жеңіліске ұшырады.

Енді келесі ойынды Қазақстан құрамасы 13 қазан күні Алматыда Словенияға қарсы өткізеді.

Еске сала кетейік, Алматылық жанкүйерлер үшін матч күні қаланың бірнеше нүктесінен Орталық стадионға дейін тегін автобустар қатынайды.

Сондай-ақ оқыңыз