Toyota көліктері 15 жылдан кейін «Формула-1» автожарыстарына қайта оралды

Жарияланды 11 Қазан 2024 14:45

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Toyota көліктері «Формула-1» автожарыстарына қайта оралды / фото: Toyоta

Жапондық автоөндіруші Toyota «Формула-1» автожарыстарына қатысатын Haas F1 Team командасымен серіктес болды.

20 қазанда Техаста өтетін АҚШ Гран Приі қарсаңында Toyota «Формула-1» жарысына қайта оралатынын мәлімдеді.

Компанияның мәліметінше екі тарап келісімнің егжей-тегжейін әлі жариялаған жоқ. Дегенмен, бұл келісімде көліктерге мотор қозғалтқыштарын жеткізу туралы әңгіме қозғалмайды, өйткені биыл шілдеде Haas F1 Team Ferrari компаниясымен келісімшартты 2028 жылдың соңына дейін ұзартқан болатын.

Соған қарамастан, Haas F1 Team-пен серіктестік Toyota-ның Формула-1-ге толық оралуына қадам жасауы мүмкін екенін көрсетеді. 2026 жылдан бастап Формула-1 жарысында техникалық регламент өзгереді, бұл Audi мен Ford сияқты компанияларды осы жарысқа тартып отыр. Оларға қоса жарыстарда Ferrari, Aston Martin, Mercedes-AMG, Alpine және Honda сияқты атақты командалар қатысып жатыр.

Toyоta бұған дейін 2002-2009 жылдар аралығында зауыттық команда ретінде Формула-1 жарысында өнер көрсеткен. Алайда, үлкен бюджетке қарамастан, айтарлықтай жетістіктерге жете алмады – жарысшылары бірде-бір жеңіске қол жеткізбеді. Бәлкім, бұл жолы жапондықтарда барлығы басқаша болар.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанға ресми түрде Toyоta Camry 80 келгені мен бағасы туралы жазған едік. Қазақстандықтар арасында танымал Toyota Camry-дің жаңа буыны автосалондарда 4 қазаннан бастап сатыла бастады.

Сондай-ақ оқыңыз