Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Азат ауылында үйді өртеген күдіктілерді іздеу жұмысы жедел жүргізілуде. Жедел-тергеу тобы оқиға орнын тексеруде. Барлық айғақ тіркеліп, сараптамалар тағайындалды. Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Аленов пен Алматы облысының прокуроры Берік Адамов тергеу барысы туралы хабарлады.
– Жедел-тергеу тобы құрылып, қылмыс жасалған жерде мұқият тексеру жұмыстарын жүргізуде. Бейнебақылау камераларынан жазбалар қаралуда. Аулалар мен есепте тұрған тұлғалар тексерілуде. Отбасының тұрғылықты жерін полиция қызметкерлері патрульдеуде. Оқиға орын алған кезде өрт болған үйде ешкім тұрып жатқан жоқ еді. Жанұя қазіргі кезде басқа мекенжайда тұрып жатыр. Қылмыскерлер ұсталып, міндетті түрде жауапқа тартылады, – деді ІІМ бірінші орынбасары Бауыржан Аленов.
Алматы облысының прокуроры Берік Адамов тергеу барысын Бас прокуратура қадағалап отырғанын айтты.
«Бүгінгі таңда арнайы прокурорлар үйді өртеу фактісін тергеп жатыр. Оқиға орнынан барлық айғақ алынып, олар бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды. Біз сараптама нәтижелерін күтудеміз, одан кейін қосымша ақпарат беріледі», – деген облыс пркоруры осы оқиға туралы жалған ақпарат таратпауға шақырды.
4 қазан күні түнде Талғарда бір топ адам төбелесіп, соның салдарынан екеуі жарақат алып, 16 жастағы жасөспірім қайтыс болды. Содан кейін 12 қазанға қараған түні Еңбекшіқазақ ауданындағы Азат ауылында үй өртенді. Үй толығымен жанып кетті, зардап шеккендер жоқ. Бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Талғар ауданында қаза тапқан бозбаланың отбасын полиция күзетеді. Алматы облысының әкімдігі үйін қалпына келтіріп, уақытша баспана беретінін хабарлаған.