Жаңалықтар

Қазақстанның батысында сұйытылған газды шетелге тасымалдайтын құбыр салынады

Фото: shutterstock, бильд-редактор: Артур Алескеров

Қазақстанның батысында өндірілетін сұйытылған газды экспорттау үшін газ құбыры салынады. Eskene LPG компаниясы Қашаған кен орнындағы «Болашақ» зауытынан енді салынатын резервуарға дейін ұзындығы 18,5 шақырым құбыр салуды жоспарлап отыр. Бұл туралы компанияның экологиялық порталда жарияланған хабарламасында жазылған.

Газ құбыры Атырау облысының Мақат ауданында салынады. Ал болашақ резервуар Атырау қаласынан 50 шақырым жердегі Ескене теміржол стансасының маңында орналасады. Газ құбыры сұйытылған көмірсутек газды NCOC компаниясына тиесілі зауыттан қайта тиейді және резервуар паркіне дейін жеткізеді.

Аталмыш жобаға 18,5 км газ құбыры, тазалау құрылғысының іске қосу камерасы блогының платформасы, желілік өшіру клапаны жинағының орны (қорғау клапаны 1) және желілік өшіру клапанының жинағының алаңы (қорғау клапаны 2) кіреді.

Газ құбыры салынатын орын бірнеше себепке байланысты таңдалған. Біріншісі – NCOC «Болашақ» зауытына жақын. Екіншіден, газ құбыры қолданыстағы мұнай құбырлары және кабельдермен бір дәлізде орналасатындықтан, шығын аз кетеді. Сонымен қатар учаскеде Атырау-Мақат темір жолы мен Атырау-Ақтөбе тас жолы бар. Бұған қоса, Ескене теміржол вокзалы учаскеге жақын орналасқан, онда сұйытылған газды сақтауға болады. Цистерналарға құйып, сақтауға мүмкіндік бар.

Бұл ретте компания құбырдың экспортқа бағыталғанын, сұйытылған газ құбыр арқылы Ескене стансасына жеткізілгеннен кейін, цистерналармен экспортқа жөнелтілетінін атап өтеді.

«Сұйытылған мұнай газын экспорттайтын құбырдың өткізу қабілеті сағатына 213,4 текше метрді құрайды. Көрсетілген өнімділік жобаланған аумақта номиналды диаметрі 200 мм құбыр арқылы қамтамасыз етіледі», – делінген хабарламада.

Құрылыс 2025 жылдың қаңтарында басталады деп жоспарланған. Газ құбыры 11 айда салынып, одан кейін 25 жыл бойы пайдаланылмақ.

2023 жылдың соңында Алматы қаласында тіркелген «Ескене» LPG компаниясының құрылтайшысы – LPG Tech Ltd және Qazcon OEIC Ltd. жеке компаниясы. LPG Tech Ltd компаниясы Астана халықаралық қаржы орталығында тіркелген, жалғыз иесі – Абай Сәрсенов және Qazcon OEIC Ltd. Бұл компанияның құрылтайшысы – Freegate Capital Ltd, ал бұл компания Ален Ыдырысқа тиесілі.