Алматыда 17 қазан күні сағат 10.00-де жоспарлы қалалық сейсмикалық жаттығу кезінде тұрғындарды шұғыл хабарландыру жүйесі – Mass Alert сынақтан өткізіледі. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.
Әкімдіктің мәліметінше, сейсможаттығу кезінде теле және радиохабар тарату арналары автоматты түрде үзіліп, «Баршаның назарына!» деген сигналдан соң,сирена-қондырғылары қосылады. Сонымен қатар телефондарға хабарламалар жіберіледі. Тұрғындар сигналды алғаннан кейін, ғимараттан ашық алаңға шығу керек.
Сейсможаттығудың басты мақсаты – қала тұрғындарының төтенше жағдайлардағы іс-әрекеттерге дайындық деңгейін арттыру, қауіпсіз орындарға эвакуациялау маршруттарын пысықтау.
«Алматы қаласының сейсмикалық қауіпсіздік және мобилизациялық даярлық басқармасы тұрғындарды сабыр сақтап, сейсможаттығуға белсенді қатысуға шақырады»,– делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, ҚР ТЖМ «Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу ғылыми орталығы» ЖШС сейсмикалық станциялар желісімен 2024 жылғы 23 қаңтарда Алматы уақытымен 00 сағат 09 мин 02 сек жер сілкінісі тіркелді.
Алматыда болған жер сілкінісінен 8 адам зардап шеккен. Жарақат алған үш адам тұрғын үйлердің 2 және 3-қабатынан секірген.