Маңғыстау облысындағы мектеп оқушыларының улануына қатысы бар басшылар жұмыстан шығарылды. Бұл жайлы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты.
«Маңғыстаудағы оқиғаға қатысты тамақтандырумен айналысқан кәсіпкер мектептен аластатылды. Бұдан былай мердігердің басқа мектептерде осындай қызмет көрсетуіне шектеу салынған. Сонымен бірге тиісті адамдар жауапқа тартылды. Білім басқармасының басшысы жұмыстан кетті, әкімнің орынбасары да осындай жауапкершілікке тартылды», – деді министр.
Министр тамақтану мәселесіне қатысты барлық тиісті шара қолға алынғанымен, оны ұйымдастыру мәселесінде кәсіпкерлердің жауапкершілігі жоғары екенін айтты. Бейсембаев асханадағы тамақ сапасы жақсы болуы және денсаулыққа зиян тигізбеуі үшін тамақ мәзірі Денсаулық министрлігінің қатысуымен әзірленетінін жеткізді.
«Біз асханалардың қызмет көрсету сапасын тексердік. Тексеру жұмыстарына біздің ведомстводан бөлек, Денсаулық министрлігінің өкілдері, Санитарлық эпидемиологиялық қызмет өкілдері де қатысты. Асханалар заң талаптарына, санитарлық талаптарға сай жұмыс істей ме, жоқ па толық тексердік. Ас сапасын қмтамасыз ету үшін мәзір құрастыру жұмыстарына Денсаулық сақтау министрлігінің де қатысуын жөн деп шештік», – дейді министр.
Бұған дейін мектеп асханадарындағы мәзірді бекіту Білім басқармасына жүктеліп келген. Ал алдағы уақытта бұл жауапкершілік Денсаулық министрлігіне ауыстырылуы мүмкін.
Тексеріс барысында Бейсембаев мектеп асханаларында әзірленген тамақтың дәмін татып көрген. Айтуынша, ондағы тағамдарда қант тым көп.
Журналистер министрден балаларының қайдан тамақтанатынын сұрады. Бейсембаев өз балаларының жоғары сыныптарда оқитынын, сол себепті тегін тамақтанбайтынын жеткізді. Ал егер бастауыш сыныпта оқитын балалары болса, оларды мектеп асханасынан тамақтандырудан еш қорықпайтынын айтты. Министр осы орайда барлық мектеп асханасындағы тазалық пен тамақ сапасы нашар деген көзқараспен келіспейтінін де айтты.
Еске сала кетсек, 8 қыркүйек күні Маңғыстау облысының, Мұнайлы ауданы Бесшоқы ауылындағы №8 мектепте асхана тамағынан бастауыш сыныптың 460 оқушысы уланып, ауруханаға жүгінгені туралы хабар тарады. Салдарынан екі бала ауыр хәлде жансақтау бөліміне түскен болатын.
Бұл оқиғадан соң, Үкімет басшысы Олжас Бектенов улану жағдайы қайталанбас үшін бір ай ішінде республикадағы барлық мектеп асханаларының тазалығы мен тамағының сапасын тексеруді тапсырды.