Қазақстанда ең ұзын көпір пайдалануға жарамды деген тұжырым жасалды. Көпірдің ұзындығы – 1316 метр. ШҚО-дағы Бұқтырма су қоймасының үстінен салынған көпір арқылы сынақ кезінде 15 жүк көлігі өткен. Олардың жалпы салмағы 450 тонна болды. Арнайы құрылғылармен көпірдің қаншалықты төзімді екені тексерілді.
Көпірдің аса ауыр салмаққа төтеп беретіні расталды. Мамандар нысанды нормативтік қауіпсіздік талаптарына сәйкес келеді деп бағалады.
Екі жолақты көпір Жарма, Қатонқарағай, Күршім, Көкпекті, Зайсан және Алтай аудандары арасында автокөліктер ағынын арттырмақ.
Бұқтырма су қоймасындағы көпірдің құрылысы 2020 жылы басталған. Күршім көпірінің сметасы 2017 жылы жасалынған.
Жоғары аудиторлық палата «сақалды» құрылыс – Бұқтырмадағы көпір жобасы іске асырылғанша 31,2 млрд теңгеге қымбаттағанын анықтады.