Жаңалықтар

Ресей рублі 90-шы жылдардағыдай девальвацияға ұшырауы мүмкін – бұл теңгеге қалай әсер етеді?

Тимур Сүлейменов Ресейдегі инфляция қарқынын сырттан келетін қауіп-қатердің бірі деп атады / фото: kursiv.media мұрағаты

Bloomberg Ресейдің бюджетті толықтыру мақсатымен рубльді әлсіретуді қарастырып жатқанын хабарлады. Бұл шындыққа айналса, рубль өзімен бірге теңгені де ілестіріп кетуі ғажап емес.

Ұлттық Банктің төрағасы Тимур Сүлейменов 11 қазандағы мәлімдемесінде бұл жайында ашып айтқан болатын. Ол Қазақстанның негізгі екі сауда серіктесінің бірі – Ресейде инфляция қарқынын сырттан келетін қауіп-қатердің бірі деп атады.

Рубльдің әлсіреуінің теңгеге әсері күшті екені анық. Қазақстан Ресей импортына барынша тәуелді. Импортпен бірге инфлияция да табалдырықтан аттауы ғажап емес.

Бір жағынан алғанда, Bloomberg жаңалық ашып жатқан жоқ. Ресейдің ғылым академиясының Халық шаруашылығы болжамы институты сәуір айында жарық көрген баяндамасында алғаш рет түйткіл туралы айтқан еді. Онда «90-шы жылдың аяғындағыдай» күшті девальвация болуы ықтимал делінген-ді.

Содан бері рубль тағы да елеулі түрде әлсіреді. Қыркүйек айынан бері 11%-ға құнсызданыпты. Қазір 1 АҚШ доллары 96,1 рубльге саудаланып жатыр.