Жаңалықтар

Садыр Жапаров Қырғызстанда бейіт басына тас қойып, мазар тұрғызуға тыйым салды

Қырғызстанда бейіт басына құлпытас қоюға тыйым салынды/ фото: kg.akipress.org

Қырғызстанда бейіт айналасын таспен, мәрмәрмен, металмен қоршауға, мазар тұрғызуға тыйым салынды. Бұдан былай қорымда ағаш қоршау орнатуға рұқсат беріледі. Оның өзінде 70 сантиметрден аспауға тиіс.

14 қазан күні Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров «Қырғыз Республикасының «Жерлеу және жаназа ісі туралы» заңын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды.

Мұсылмандар жерленетін зиратта тастан, граниттен, мәрмәрден, металдан ескерткіш, мүсін, құлпытас қоюға және қоршаулар орнатуға тыйым салынады. Аталған заңның 22-бабына сәйкес тарихи-мәдени маңызы бар жерлеу рәсіміне бұл тыйымның қатысы жоқ.

Қырғызстан Мүфтияты бастамасымен осыған байланысты пәтуа да шығарылады.

«Сонымен қатар қазіргі қырғыз қоғамында марқұмадарды жерлеген кезде даңғазаға жол беру, басқа адамдардың әлеуметтік жағдайын ескермеу, шектен тыс ысырап ету, діни әдет-ғұрыптар мен дәстүрлерді елемеу белең алып барады. Марқұмның туыстары үлкен көлемдегі тастан, граниттен немесе мәрмәрден жасалған кесенелер, құрылыстар тұрғызады, өмірден өткен адамның мүсіндерін орнатады, қабірлерге сәнді металл қоршау салады», – деп түсіндірді Президенттің баспасөз қызметі.

Жарлық бойынша мемлекеттік органдар зираттарды орналастыру, жобалау және күтіп ұстау ережесін бекітетін құжаттарды дайындауға, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге міндетті.