Жаңалықтар

Рейтингісі төмен шенеуніктердің жалақысы да кемиді

Мемқызметкер жалақысы онлайн баға көрсеткішіне байланысты тағайындалады/ shutterstock

2029 жылға дейін мемлекеттік қызмет толық цифрландырылады. Сол кезде рейтингісі төмен шенеуніктердің жалақысы да кемиді. 2025 жылдан бастап мемқызметкерлер жұмысына онлайн баға беріліп отырады.

ҚР Жоғарғы аудит палатасы жанындағы Тиімділікті талдау және бағалау ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми жобалар жетекшісі Бауыржан Боқаевтың айтуынша, қазіргі кезде мемлекеттік аппарат жұмысын толық цифрландыру бағытында зерттеу жүргізілуде. Аталған орталықтың ұйымдастыруымен дөңгелек үстелде мемлекеттік қызметкерлер, ұлттық және халықаралық сарапшылар, үкіметтік емес ұйым мүшелері мемлекеттік жүйені жетілдіру жайын талқылады.

«Басты тақырып қоғам сұранысына тиімді жауап беретін мобильді мемлекеттік басқару жүйесін құруға бағытталған мемлекеттік қызметтің жаңа моделін құру жайында болды. Модель мемлекеттік аппараттың ашықтығы мен тиімділігін арттыру үшін азаматтармен тығыз өзара іс-қимылды және мемлекеттік процестерді цифрландыруды қарастырады», – деп атап өтті Боқаев.

Мемлекеттік қызметті реформалау бағытында АҚШ, Англия, Сингапур тәжірибесіне сүйену қарастырылған. Жаңа зерттеу бағдарламасы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде жүзеге асырылуда. Бағдарлама аты – «Жаңа Қазақстан құрылысы жағдайында мемлекеттік қызметтің даму процестерін ғылыми-әдістемелік негіздеу және мемлекеттік органдардың қызметін қайта құру» (IRN BR18574203).

Ғылыми-зерттеу жұмыстары нәтижесінде мемлекеттік қызметшілер міндетін мүлтіксіз орындауы үшін қажет білім мен дағдыны бағалау стандарты (әдістемесі) әзірленді. Бұл стандарт сала түріне қарай мамандарды бағалау мақсатын, критерийлері мен тәртібін айқындайды.