Қазақстанда шетелдік банктердің қатары көбеюі мүмкін: оларға қойылатын талап жеңілдейді

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Шетелдік банктерге қойылатын талап жеңілдейді / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Шетелдік банктердің Қазақстанда ашылатын еншілес ұйымдары мен бөлімшелеріне қойылатын талаптар жеңілдеуі ықтимал. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Мәжіліс отырысында осы мақсатта Қазақстан заңнамасына енгізілетін өзгерістерді таныстырды.

Шетелдік банктер еншілес ұйым немесе филиал ашу үшін екі кезеңнен тұратын процестен өтуі шарт: біріншісі – рұқсат беру, екіншісі – лицензия алу.

Енгізілетін өзгерістерге сәйкес, біріншіден, бөлімше ашуға қажет құжаттардың қатары қысқарады. Бұған дейін реттеуші рұқсат беру үшін 24-ке дейін құжат талап етсе, енді олардың қатары банк рейтингіне қарай 17 немесе 8 құжатқа дейін қысқарады.

Мәселен, шетелдік банктің рейтингі «BB-»-тен «А-»-ке дейін болса, еншілес ұйым ашу үшін талап етілетін құжат саны 24-тен 17-ге  дейін қысқарады. Ал филиал ашу үшін 10 құжат өткізеді. Рейтингі «А-»-тен жоғары банктерден сұралатын құжат саны оннан 8-ге дейін қысқарады.

ҚНРДА рұқсат берген соң, банк арнайы лицензия алуы шарт. Лицензия беруде сұралатын құжат қатары да 50 құжаттан 7 құжатқа дейін қысқарады.

Екіншіден, Қазақстандағы шетелдік банк бөлімшесінің активтеріне қойылатын шек 20 млрд доллардан 10 млрд долларға дейін төмендейді.

Үшіншіден, шетелдік банк филиалдары үшін рұқсат етілген қызмет түрлері кеңейтіледі.

«Филиалдардың қызмет түрлері шетел валютасымен айырбастау операцияларын, кастодиандық қызметті, трансфер-агент қызметін жүзеге асыру, синдикатталған қаржыландыруға қатысу, төлем карточкаларын шығару сияқты операциялармен толықтырылады», – деді Әбілқасымова.

Бұл ретте Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ еншілес ұйым ашу үшін активі 20 млрд доллар болуы тиіс деген талап осыдан 4 жыл бұрын енгізілгенін айтып, оны не үшін қайтадан екі есе төмендетіп жатырмыз деп сұрады.

Депутат сауалына жауап берген Мәдина Әбілқасымова бұл талап енгізілгелі бері, Қазақстан нарығына бірде-бір шетелдік банк келмегенін айтты.

«Президент Қасым Жомарт Тоқаев 2023 жылғы жолдауында Қазақстанға 3 сенімді шетелдік банк тартуды тапсырды. Осы тапсырма шеңберінде біз бірқатар шетелдік банк пен реттеушілермен келіссөз жүргіздік. Солардыі нәтижесінде бірқатар шетелдік банк Қазақстан өз филиалын ашуға ниет танытты. Біз олардың сенімділігін, актвтерін тексердік. Олардың активтері сол 10 млрд АҚШ доллар айналасында», – деді ҚНРДА басшысы.

Нарыққа шетелдік банктерді тарту – банк секторындағы бәсекелестікті арттыру үшін қажет. Қазақстанда қазір 21 екінші деңгейлі банк тіркелген.

Сондай-ақ оқыңыз