Депутаттар Черчесовті тілді құрметтеп, ұлттық мүддеге қызмет етуге шақырды

Жарияланды 16 Қазан 2024 15:04

(жаңартылды 16 Қазан 2024 16:04)
post.authors.0.name

Ақниет Төленді

General News бөлімінің редакторы a.tolendi@kursiv.media
Черчесов Бапи Ходжаназаров қазақ тілі
Депутаттар Черчесовтің «қазақ тіліне қатысты» әзіліне пікір білдірді / коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Мәжіліс депутаттары Айдарбек Ходжаназаров пен Ермұрат Бапи футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовті қазақ тілін құрметтеуге шақырды

«Черчесов мырза біздің тілге күлетін адам емес. Ол алдымен өз жетістіктеріне қарап, бағалап алсын», – деді Ходжаназаров. 

Депутат президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан спорт саясатына қатысты өзгерістерді шетелден келген спортшыларға ғана емес, жаттықтырушыларға да қолдану керек екендігін айтты.

«Жаттықтырушылар да өздері жұмыс істеп жатқан елге құрметпен қарауы тиіс. Олар осы ұлттың бір өкіліне айналғандарын түсініп, осы ұлттың мүддесіне қызмет етуі керек», – деді депутат.

Ходжаназаров Ұлттық құрамаға ел жанкүйер болып, оның жеңісіне ел болып қуанып, жеңілісіне қынжылатынын, Черчесовтің түсінуі керек екенін айтты. Ол қазір мәселеге байланысты Спорт министрлігі мен Қазақстан футбол федерациясы келісімге келіп жатқанын айтты. Дегенмен Үкімет мәселеге мән бермесе, депутаттар үнсіз қалмайтынын ескертті.

Депутат Ермұрат Бапидің сөзінше, депутаттар мәселені елемей отыра алмайды. Себебі тіл туралы әзіл айтқан жай ғана бір клубтың емес, Ұлттық құраманың бас бапкері. 

«Ол ұлттық құраманы жаттықтыруға келіп, қазақ тіліне қатысты мысқыл айтып тұрса, бұл үлкен кабинеттерде талқыланатын мәселе. Бұл федерацияның ғана емес, тіл жөніндегі, идеология жөніндегі мамандардың талқысына түсуі керек», – деді Бапи.

Депутат легионер спортшылар мен жаттықтырушылардың тек өз мүддесімен, жеке табысы үшін Қазақстанға келуі елге тиімсіз екенін атап өтті. Қазақстан құрамасының киімін киген адам елді қадірлеу керек.

«Мен Станислав Черчесовті тек өзінің бапкерлік қызметіне ғана емес, Қазақстан Ұлттық құрамасы аталатын командаға да құрметпен қарауға шақырамын. Ол бір жәй клубты емес, Ұлтты құраманы жаттықтыруға келді. Ал ұлттың басты құндылығы – тіл. Тілді құрметте!», – деді депутат.

Айта кетейік, Қазақстан-Словения ойынынан кейін журналистерге пікір білдіру кезінде қазақша сұрақ қойған журналистке «Французша сөйлеп тұрсыз ба?» деп сұрап, сынға қалған. Спорт министрлігі Футбол Федерациясынан түсініктеме талап етіп, федерация Черчесовтің бұл сөзін әзіл деп айтқан. Себебі сұрақ қойған журналист париждік ПСЖ командасының киімін киіп тұрған.

Сондай-ақ оқыңыз