Жаңалықтар

Алматы полициясы «Талғар тұрғындары ұсталды» деген ақпаратты жоққа шығарды

Алматы полиция департаменті жаңсақ мәліметтерді таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны жайында ескертті/фото: Шадияр Өстемірұлы

Алматы полиция департаменті «жоспарланған баспасөз мәслихатына қатысушылардың ұсталғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды» деп ресми түрде мәлімдеді.

«Алматы полициясы азаматтарды тексерілмеген мәліметтерді таратпауға және ресми дерек көздерінің мәліметтерін басшылыққа алуға шақырады», – деді алматылық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Алматы полиция департаменті жаңсақ мәліметтерді таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны жайында ескертті.

Айта кететін жайт, бүгін Алматыда «Алматы облысы Талғар ауданындағы заңсыздықтар» атты баспасөз мәслихаты өтті. Онда бір топ Талғар ауданының тұрғындары аудан әкімдігіндегілердің әрекеттеріне қатысты шағымданған болатын.

Талғар ауданының тұрғындары Мақсат Кенжебаев, Талдыбай Әбдіқапаров, заңгер Асылбек Қараев аудан басшылығының әрекеттеріне қатысты мәселе көтерген. Онда баспасөз мәлихатын ұйымдастырушы Жарқын Күреңтаевты осы шара алдында Талғар полициясының ұстағаны туралы мәлімдеген еді. Осы баспасөз мәслихаты кезінде Бірлік ауылының белсендісі 2019 жылы үйі өртенгенін, оған Белбұлақ ауылдық округының бұрынғы әкімі Аслан Қасымбаевтың қатысы болуы ықтимал екенін айтқан болатын.