Goldman Sachs 2024 жылдың соңына дейін S&P 500 индексі 7,3%-ға өседі деп болжап отыр. Дональд Трамптың сұхбатынан кейін алтын қайта қымбаттады. ХЭА мұнай мен газға қатысты болжамдарын түзетті. Илон Маск Үндістанда Starlink-ті кеңінен таратуға мүмкіндік алды. Осы және өзге де тақырыптар туралы 16 қазандағы әлемдік БАҚ шолуынан оқыңыз.
Goldman Sachs: 2024 жылдың соңына қарай S&P 500 индексі 6 270 тармаққа жетеді
Goldman Sachs-тің жаһандық нарықтар жөніндегі басқарушы директоры Скотт Рубнер S&P 500 индексі жылды 6 270 тармақ деңгейінде аяқтайды деп есептейді. Яғни қазіргі деңгейге (5 842) 7,3% қосады.
Bloomberg жинаған статистикалық мәліметтер де төртінші тоқсанға деген оптимистік көзқарасты растайды. Индекстің жүз жылға жуық тарихында 1928 жылдан бері тек 25 жылда S&P 500 төртінші тоқсанда теріс кірістілік көрсеткен.
АҚШ-тағы президент сайлауы алдындағы сатылымды күткен Рубнер енді өз пікірін өзгертті. Қыркүйектің соңында ол инвесторлардың артықшылыққа ие ұзақ позицияларын сатып, S&P 500 индексіне пут-опциондар спредтерін сатып алып жатқанын айтқан-ды. Себебі олар қысқа мерзімді қолайсыз маусымды және техникалық позицияларды күткен. Алайда АҚШ-та акциялар өскеннен кейін көңіл-күй өзгеріп, қор менеджерлері сатып алуларға қосылды.
«Қор нарығындағы сатылым жойылды, ал жылдың соңындағы ралли клиенттер арасында қолдау таба бастады. Олар хедждеуден сатып алуға көшіп жатыр. Себебі институционалдық инвесторлар қазір нарыққа шығуға мәжбүр», – деп жазды Рубнер клиенттерге арналған жазбасында.
Ол кәсіби инвесторлардың көрсеткіштері эталондардан айтарлықтай артта қалғанына алаңдайтынын да айтты.
Дональд Трамптың сұхбатынан кейін АҚШ-та алтын қайта қымбаттады
Bloomberg АҚШ-тағы президент сайлауында Дональд Трамп жеңіске жетсе, алтынның өсуіне жаңа серпін беріледі деп жазды. Сайлау алдындағы соңғы апталарда инвесторлар осы оқиғаға назар аударып, құбылмалылықтан қорғаныс іздей бастады.
Дональд Трамп Bloomberg News-ке берген сұхбатында жеңіске жетсе, импорттық тарифтерді күрт көтеретінін, салықтарды төмендететінін және реттеуді әлсірететінін, сондай-ақ Федералды резерв жүйесімен жиі кеңесетінін айтты. Осыдан кейін алтын бағасы 0,6%-ға өсіп, бір унция үшін 2 685 доллар тарихи максимумына жақындады. Жыл басынан бері активтің құны шамамен 30%-ға өсті.
Сарапшылардың айтуынша, алтын 2024 жылы ең табысты активтердің бірі болды. UBS Group AG активтерді басқару жөніндегі бас инвестициялық директоры Марк Хефеле бастаған сарапшылар командасы «нарықтағы құбылмалылық жағдайында портфельді хедждеу үшін алтын мен мұнайды пайдалануды» ұсынып отыр.
Уолл-стрит экономистерінің пікірінше, Трамптың сауда саясаты сайып келгенде долларды қолдайды. Бірақ доллар күшейіп, пайыздық мөлшерлемелер жоғары болған кезде алтын зардап шегуі ықтимал. Бұл актив әдетте инфляция жағдайында және геосаяси күйзеліс кезеңдерінде табысқа жетеді.
Лондондағы қымбат металдар нарығы қауымдастығының (LBMA) болжамы бойынша, 2024 жылдың қазан айының соңына қарай бағалы металл бағасы бір унцияға 2 917,40 долларға дейін өседі, бұл қазіргі деңгейден шамамен 10%-ға жоғары.
Илон Маск Үндістанда Starlink-ті кеңінен таратуға мүмкіндік алды
Reuters агенттігінің мәліметінше, Үндістан үкіметі спутниктік кеңжолақты байланыс үшін жиілік спектрін аукцион арқылы бөлуден бас тартып, оны әкімшілік жолмен таратуды жоспарлап отыр. Бұл шешім Starlink басшысы Илон Масктың аукцион өткізу ниетін сынағаннан кейін қабылданды.
Маск Үндістан нарығына кіру үшін жергілікті миллиардер Мукеш Амбанимен бәсекеге түсіп жатыр. Амбанидің Reliance компаниясы аукционды тең бәсекелестік үшін қажет деп санайды және Үндістан заңнамасында жеке тұлғаларға спутниктік кеңжолақты байланыс қызметтерін қалай ұсыну керектігі туралы нақты ережелер жоқ екенін алға тартады. Ал Илон Масктың Starlink компаниясы лицензияларды әкімшілік бөлу әлемдік тенденцияға сәйкес келеді деп мәлімдейді.
Үндістанның телекоммуникациялар министрі Джотирадитья Шинде жиілік спектрі ел заңнамасына сәйкес әкімшілік түрде бөлінетінін және оның құнын телекоммуникация саласындағы қадағалау органы анықтайтынын айтты. Маск бұл мәлімдемеге әлеуметтік желіде: «Starlink арқылы Үндістан тұрғындарына көмектесу үшін бар күшімізді саламыз», – деп жауап берді.
Үндістандағы спутниктік байланыс нарығы үлкен әлеуетке ие, себебі бұл елде тұтынушылар саны өте көп. Сарапшылардың айтуынша, бұл нарық жыл сайын 36%-ға өседі.
ХЭА: Мұнай мен газға сұраныс шегіне жеткеннен кейін, «электр дәуірі» басталады
Reuters Халықаралық энергетикалық агенттігіне (ХЭА) сілтеме жасап, әлем қазба отындарына сұраныс 2030 жылдардың соңына қарай шегіне жеткеннен кейін электр дәуіріне қадам басатынын жазды. ХЭА артық мұнай мен газ «жасыл» энергетикаға инвестицияларды ынталандырады деп санайды.
Агенттік 2023 жылы бүкіл әлемде экологиялық таза энергия өндірісі рекордтық деңгейге жеткенін, оның ішінде жаңартылатын энергия көздерінің 560 гигаваттан астам қуаты бар екенін атап көрсетті. 2024 жылы экологиялық таза энергияға шамамен 2 трлн доллар инвестиция салынады деп күтілуде. Бұл қазба отындарына салынған инвестициялардан екі есе көп.
Алайда экологиялық таза электр энергиясын өндірудің өсуі жаһандық электр энергиясына деген сұраныстың өсуімен ілесе алмай отыр және бұл үрдіс 2023-2030 жылдар аралығында сақталады деп күтілуде. Бұл көмір энергиясын пайдалануды күткеннен баяу қысқартатынын білдіреді. Осыны ескере отырып, 2030 жылы жаһандық энергетикалық теңгерімдегі қазба отындарының үлесі 75%-ды құрайды, ал қазіргі көрсеткіш 80%. Өткен жылғы есеп бойынша, 2030 жылы бұл көрсеткіш 73% болуға тиіс деп болжанған еді.
Есепке сәйкес, әлемдік мұнайға деген сұраныс 2030 жылға дейін шегіне жетіп, күніне шамамен 102 млн баррельді құрайды, ал 2035 жылға қарай күніне 99 млн баррельге дейін төмендейді. Қазіргі сценарий бойынша, мұнай бағасы 2023 жылы барреліне 82 доллардан 2050 жылы барреліне 75 долларға дейін арзандайды. Егер үкімет энергетика секторындағы шығарындыларды нөлдік деңгейге дейін азайту мақсаттарына сай әрекет етсе, 2050 жылы мұнай бағасы барреліне 25 долларды құрайды.