Lifestyle

Илон Масктың анасы ұлының диетолог болғанын қалаған

Мэй Маск Алматы
Мэй Маск балаларының диетолог болғанын қалаған / Фото: Alberto E. Rodriguez

Миллиардер Илон Масктың анасы Мэй Маск балаларының диетолог болып, өзімен бірге жұмыс істегенін қалағанын, алайда кейін оларға мамандық таңдауға мүмкіндік бергенін айтады.

«Маған салса, балаларымның бәрін диетолог етіп, менің кабинетімде жұмыс істегенін қалар едім. Мен Торонто университетінде жұмыс істегендіктен, олар кез келген медициналық мамандықта тегін оқи алатын еді. Бірақ олардың қалауы басқаша болды», – дейді Мэй Маск Алматыда өткен Орталық Азиялық әйелдердің BeWoman форумында. 

Оның сөзінше, әсіресе, Илон Маск мүлдем басқа жұмыс істегісі келген. Ол PayPal компаниясын сатқаннан кейін, анасына ракета, күннен қуат алатын панельдер немесе электромобиль құрастырғысы келгенін айтқан. Мэй Маск баласының қазір осы жұмыстың бәрін қатар алып жүргенін айтты. Ол барлық әулетімен Илон Маскты мақтан тұтатынын айтады.

«Мен Илонның орнында болғым келмейді. Себебі ол үлкен жауапкершілік. Илон әлемге қызмет етіп, үлкен жұмыс атқарып жүр. Ол күніне 24 сағат жұмысты ойлайды», – деді Мэй Маск.

Айта кетейік, Мэй Маск Алматыға Орталық Азиялық әйелдердің басын қосқан BeWoman форумына келген. Оның үш баласы бар: екі – ұл, бір – қыз. Илон Маск – кәсіпкер (SpaceX, Tesla, X компанияларының басшысы). Кимбал Маск – ресторатор және дұрыс тамақтану саласының маманы. Тоска Маск – кинорежиссер және Рassionflix компаниясының негізін қалаушы.