Жаңалықтар

Мәдениет министрлігі елде әлеуметтік желілер бұғатталмайтынын мәлімдеді

Мининформ
Балалар арасындағы суицид көбейген соң, депутаттар министрліктен әлеуметтік желілерді бұғаттауды сұраған / Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Мәдениет және ақпарат министрлігі елдегі танымал әлеуметтік желілерді бұғаттамайтынын мәлімдеді. Бұл жайлы министрліктің KursivMedia редакциясына берген жауабында айтылған.

Балалар арасындағы суицидтің көбейіп кетуіне байланысты депутаттар елдегі әлеуметтік желілерді бұғаттауды сұраған. Министрлік бұл мәселені әлеуметтік платформалармен бірлесе жұмыс жүргізе отырып, шешуді көздеп отыр.

«Қазақстанда әлеуметтік желілерге кіруді толығымен шектеу мәселесі қарастырылып жатқан жоқ. Себебі министрлік онлайн-платформалар әкімшілігімен бірлесіп, кәмелетке толмағандардың өміріне, денсаулығына және қауіпсіздігіне қауіп төндіретін заңсыз контентті шектеу шараларын қазірдің өзінде қолға алып жатыр. Платформалар осы мәселелерді шешу үшін сындарлы диалогқа дайын»,  – делінген министрлік жауабында.

Министрлік жауабында Telegram, TikTok және Meta платформаларының өкілдерімен ынтымақтастық орнатқаны айтылған. Бұл платформалармен өз-өзіне қол жұмсауды насихаттайтын қауіпті ойындарды, балалардың психикасына теріс әсер ететін зиянды контентті жойып отыруға келіскен.

Ведомство мәліметінше, 2024 жылдың басынан бері Қазақстанда суицидті насихаттау белгілері бар 58 материал анықталған. Олардың арасында:

  • Telegram платформасында 29 материал табылып, оның 26-сы жойылған;
  • TikTok-тан 20 материал;
  • YouTube сайтынан 8 видео анықталып, төртеуі бұғатталған;
  • Facebook-тан бір материал анықталып жойылған.

Сонымен қатар осы кезеңде интернетте қатыгездік пен зорлық-зомбылықты насихаттау белгілері бар 157 материал анықталды. Жауапты орган аталған материалдарды алып тастауды талап етіп, интернет-ресурстардың әкімшіліктеріне 31 құжат жолдаған.

«Мәдениет министрлігі жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қауіпті контентті анықтап, жоюды жалғастырады», – делінген жауапта.

Айта кетейік, 16 қыркүйек күні Алматыда екі мектеп оқушысы терезеден құлап  қайтыс болды. Алдын ала ақпарат бойынша, олар суицид жасаған болуы мүмкін. Артынша Ішкі істер министрлігі олардың телефондарынан суицидке үгіттейтін ойындар табылмағанын хабарлады.  

Ал 7 қазан күні Бас прокурор Ішкі істер министрлігіне суицидке итермелейтін барлық контентті тексеруді тапсырды.