Тоқаев криминалдық полицияға жауапты ІІМ орынбасарын қызметінен босатты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрінің орынбасары Айдос Рысбаевты қызметінен босатты. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
«Мемлекет басшысының өкімімен Айдос Какашаұлы Рысбаев Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары лауазымынан босатылды», – делінген Ақорда хабарламасында.
Айта кетейік, Рысбаев вице-министрі қызметіне 2023 жылдың қараша айында тағайындалған. Ол өз қызметі аясында криминалдық полицияға, есірткіге қарсы іс-қимыл және ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес қызметтеріне жауапты болған.
4 қазанда Алматы облысы Талғар ауданында бір топ азамат дүкен маңында туындаған жанжалдан кейін 16 жастағы Шерзат Болатты өлтірді деген күдікке ілінген. Оқиғадан кейін қоғамда бұл іске және аудан аумағындағы өзге де қылмыстарға «Хуторлықтар» атымен танымал ұйымдасқан криминалды топтың қатысы бар деген ақпарат тараған. Ішкі істер министрлігі аймақта криминалды топ бар деген ақпаратты жоққа шығарған.
12 қазанда Шерзат Болаттың ата-анасының үйін белгісіз адамдар өртеп кеткен. Алматы облысының прокуратурасы оттың сырттан қойылғаны туралы ақпарат таратқан.
Қазір прокуратура «Адам өлтіру», «Бұзақылық», «Қорқыту» және «Қылмыс туралы хабар бермеу» фактілерін бойынша бірнеше іс қозғап, 10 күдіктіні қамауға алған.