Жаңалықтар

Алматы облысы прокурорының орынбасары мен Талғар ауданының прокуроры қызметінен босатылды

Алматы облысы прокурорының орынбасары мен Талғар ауданының прокуроры қызметтерінен босатылды / фото: gov.kz

Алматы облысы прокурорының орынбасары және Талғар ауданының прокуроры қызметтерінен босатылды деп хабарлайды Бас прокуратура.

«2024 жылғы 18 қазанда Қазақстан Республикасының Бас прокурорының бұйрығымен Алматы облысы прокурорының орынбасары С.С. Бақыров пен Талғар ауданының прокуроры Е.К. Бекманов өз қызметтерінен босатылды. Олардың босатылуына қылмыстық процестегі заңдылықты қадағалау жұмысында орын алған елеулі кемшіліктер себеп болды», – делінген Бас прокуратураның мәлімдемесінде.

Ескендір Бекманов Талғар ауданының прокуроры қызметін 2022 жылдың тамызынан бастап атқарған. Ол 1976 жылы 9 қыркүйекте Қарағанды қаласында дүниеге келген. Халықаралық Қ.А. Ясауи атындағы Қазақ-Түрік университетін бітірген. Алматы облысы прокуратурасының әртүрлі лауазымдарында қызмет еткен.

Еске сала кетейік, бұған дейін Талғар қаласының әкімі Бақыт Күрішбеков, Талғар қаласы әкімінің орынбасары Мәтан Сағындық және Талғар ауданы әкімінің аппаратының басшысы Аслан Қасымбаев қызметтерінен босатылған еді.

Бұл өзгерістер 16 жасар Шерзат Болатты қатыгездікпен өлтіруге байланысты орын алған. Алматы oблысы прокуратурасының хабарлауынша, қылмысты жасаған күдікті ретінде 11 адам ұсталып, қамауға алынды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының жарлығымен Айдос Рысбаев ҚР ішкі істер министрінің орынбасары қызметінен босатылды. Ол 2023 жылдың қарашасынан бастап криминалдық полиция және есірткі қылмысына қарсы күрес, ұйымдасқан қылмыспен күрес мәселелерін қадағалаған.