Алматыда метро желісі әуежайға дейін жетеді. Бұл жайлы Түрксіб ауданы тұрғындарымен кездесу кезінде қала басшысы Ерболат Досаев айтты.
«Алматыда метро құрылысы өте баяу. Басқа елдер бізбен салыстырғанда метроны әлдеқайда жылдам салады. Біздің елде неге метро құрылысы өте баяу жүргізіледі?», –деп сұрады қала тұрғыны.
Досаев метро құрылысы осыған дейін баяу жүргізіліп келгенін, алайда соңғы кездері жоспарға сәйкес жүріп жатқанын айтты. Ал метро бекеттері алдағы жылдары батысқа қарай «Барлық» базарына, шығыс бағытта әуежайға дейін жеткізіледі.
«Метро құрылысы Алматыда жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда метро желісін Қалқаман бекетіне жеткізу бойынша құрылысты аяқтауды жоспарлап отырмыз. Сонымен жер асты жол желісі бұдан әрі кеңейе түседі. Метро бекетін «Барлық» базарына дейін жеткіземіз. Ол жерде көлік торабы ашылады», – деді әкім.
Қала басшысы келесі жылдан бастап жұмыс жылдамырақ жүргізіле бастайтынын айтты. Айтуынша, метро, ЛРТ, автобус желісі сынды транспорттық каркасты дамытуға басымдық беріліп отыр. Соған сай, транспорттық каркас жобасы бекітілген.
«Алдағы жылдан бастап, салаға инвестиция құйылады. Яғни келесі жылы транспорттық саланы дамытуға бағытталған ірі жобалардың құрылысы басталады», – деді Досаев.