Жаңалықтар

Еуропа елдеріне виза алу жеңілдеуі мүмкін. ЕО Қазақстанмен келіссөздерге дайын екенін жеткізді

Еуроодақ виза талаптарын жеңілдетуге қатысты келіссөздер жүргізуге дайын екенін жеткізген / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Еуропа елдеріне виза алу жеңілдеуі мүмкін. Еуроодақ бұл мәселеге қатысты Қазақстанмен келіссөздер жүргізуге ниетті екенін растады. Бұл жайлы Schengen.news порталы хабарлады.

«ЕО мен Қазақстан виза режимін жеңілдету және реадмиссия туралы келісім бойынша ортақ келіссөздер жүргізуге дайын», – делінген хабарламада.

Еуропалық Одақ пен Қазақстан тарапының 21-ші кездесуінде екі тарап ынтымақтастықты тереңдету және визалық режимді жеңілдету туралы келісімге келуге дайын екенін растаған.

Осы орайда Қазақстан тарапы өз азаматтарына Шенген визасын беру ақысын төмендетуді, виза уақытын ұзартуды, қазақстандықтардың өтінішін қарау уақытын қысқартуды сұраған.

Сонымен бірге Қазақстан Еуропа елдерінде заңсыз жүрген өз азаматтарына реадмиссия жасау мәселелесінде ынтымақтастыққа ашық екенін жеткізген.

Айта кетейік, маусым айында Еуроодақтың санкциялар жөніндегі арнайы өкілі Дэвид О’Салливан Қазақстан азаматтары үшін виза рәсімдерін жеңілдету бойынша келіссөздердің басталғанын хабарлаған болатын. О’Салливан Еуроодақ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынаста оң өзгерістер бар екенін жеткізген.

ЕО мен Қазақстан келісімге келсе, қазақстандықтар жеңілдетілген және тиімді ережелер бойынша Шенген визасын алуға мүмкіндік алады.

Шенген статистикалық порталының деректеріне сәйкес, 2023 жылы Шенген визасын алуға 159 072 қазақстандық өтініш берген. Ең көп өтініш беретін елдер арасында Қазақстан 20-шы орында тұр.

Өтініш берген 143 970 адамға Шенген визасын алуға рұқсат берілген. Ал 14 285 азаматқа ЕО виза беруден бас тартқан.