Жаңалықтар

Грузия президенті Саломе Зурабишвили халықты елдің ЕуроОдаққа қосылуын қолдайтын партияның біріне дауыс беруге шақырды

Фото: shutterstock

Грузия президенті Саломе Зурабишвили елде 20 қазанға жоспарланған «Грузия Еуропаны таңдайды» акциясына қатысатынын мәлімдеді. Ол грузин халқын қорқыту мен үркітуден қорықпауға, бейбіт шеруге қатысып, 26 қазанда өтетін парламенттік сайлауда дауыс беруге шақырды.

Орбелиани сарайында өткен брифингте президент «жеңіске жету мен Еуропаға оралуымызға қажет бірлігіміз бар» деп атап өтті.

«Сондықтан мен ертең шеруге көп адам шығады деп сенемін. Ертең сіздермен бірге боламын. Бұл өте маңызды күн, біздің болашақ тұрақтылығымыз соған байланысты. Ең маңыздысы, адамдардың бейбіт шығып, мемлекетімізге бостандық, тәуелсіздік және еуропалық болашақ қайтару үшін өз ерік-жігерін көрсетуі», – деді Зурабишвили.

Грузия президент сондай-ақ азаматтарды Грузия хартиясына қол қойған төрт оппозициялық партияның біріне дауыс беруге шақырды. Бұл – Грузия мен ЕуроОдақ арасындағы келіссөздерді бастауға бағытталған іс-қимыл жоспары. Зурабишвили бір партиялы жүйеден кетіп, даму мен бүкіл халықты біріктіретін жолға түсуіміз керек деп тұжырымдайды.

20 қазанда «Грузия Еуропаны таңдайды» бейбіт шеруі Тбилисиде өтеді, шара жергілікті уақытпен 19:00-де басталады.

Грузия 2023 жылдың желтоқсанында Еуропалық Одаққа кіруге үміткер ел мәртебесін алған. 23 маусымда Еуропалық Одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Джозеп Боррел Еуроодақ бұл мәртебені алып тастауды қарастыруы мүмкін екендігін айтқан.

Грузия парламентінің құқықтық мәселелер жөніндегі комитеті «шетелдік агенттер» туралы заңды мақұлдағаннан кейін наразылық акцияларында полициямен қақтығыс болып, ондаған адам ұсталған. Грузия президенті Саломе Зурабишвили заңға вето қойып, Конституциялық сотқа жүгінген.

Алайда биыл «ЛГБТ насихатына» қарсы заң қабылдаған Грузия ЕуроОдаққа кіре алмауы мүмкін. ЕуроОдақ кеңесі елдің Одаққа қосылу процесін тоқтатуы мүмкін екенін ескерткен.