Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовқа түрмеден қоңырау шалып, қоқан-лоқы көрсеткен «Еркошқа» қатысты қылмыстық іс қозғалған. Бұл туралы KursivМedia сауалдарына жауап берген ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитеті хабарлады.
«Қазіргі уақытта жәбірленушілерге келіп түскен қатерлер фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізу барысында қатысы бар адамдар анықталып, жауапқа тартылатын болады», – деп жауап берді комитет өкілдері.
Десе де кейбір болжамдар бойынша, «Еркош» кеден қызметкерін өлтіріп, 15 жылға бас бостандығынан айырылған Ержан Қасымбаев болуы ықтимал. Қылмыстық атқару жүйесі комитеті түрмеден шалынған қоңырау жайлы, оған Ержан Қасымбаевтың қатысы бар-жоғы, түрмедегі тәртібі, шартты түрде мерзімінен қашан босайтыны туралы ақпарат беруден үзілді-кесілді бас тартып отыр.
«Қылмыстық-процестік заңнаманың талаптарына сәйкес, өзге ақпараттар жариялануға жатпайды», – делінген хабарламада.
Қаржаубай Нұрымов түрмеден «Еркош» деген бір адам қоңырау шалып, «тыныш жүрмесең, өлесің» деп қорқытпақ болғанын, тағы да бір топ адам оны баласының моласына апарып, «қасынан өзіңнің көріңді қаза бер» деп қоқан-лоқы жасағанын айтқан еді.
Мұның алдында Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов қазақстандықтарды митингіге шықпауға шақырған болатын.