Қазақстандық киноиндустрия соңғы жылдары айтарлықтай дамып, отандық фильмдер көрермендердің үлкен қызығушылығын тудырып келеді. Соңғы айда кинотеатрларға шыққан бірнеше фильмдер кассалық табысы бойынша жаңа биіктерді бағындырды. Олардың ішінде ең табысты туындыларды назарларыңызға ұсынамыз.
Ticketon билет операторының мәліметінше, қазіргі таңда ең көп касса жинаған кино «Менің папам тигр» фильмі.
«Менің папам тигр» – 494 862 630 тг
Бұл фильм 26 қыркүйекте прокатқа шығып, соңғы төрт аптада ең жоғары табыс әкелген туынды болды. Отандық кинодағы әсерлі оқиғасы мен актерлердің шебер ойыны арқасында фильм 494 862 630 теңге көлемінде кассалық табыс жинап, көшбасшыға айналды. Әке мен баланың қарым-қатынасы, өмірлік қиындықтар мен батылдық туралы бұл фильм көрермендердің жүрегін жаулап алды.
«Адал алаяқтар» – 250 011 450 тг
Отандық режиссерлердің тағы бір табысты туындысы — «Адал алаяқтар». Бұл комедия жанрындағы фильмнің шыққанына екі атпа болсада, кассада 250 011 450 теңге жинап үлгерді. Қызықты сюжеті мен жеңіл юморымен ерекшеленетін бұл картина көрермендер арасында жақсы пікірлерге ие болып, биылғы жылдың үздік туындыларының бірі ретінде есте қалды.
«Заманback» – 173 604 110 тг
Әрі комедияға, әрі драмаға толы «Заманback» фильмі де көрермендердің қызығушылығын тудырды. Аталған туынды бір аптаның ішінде 173 604 110 теңге көлемінде кассалық табыс әкелді. «Заманback» – өткен күнге қарап, болашақ жайлы ойландыратын әсерлі оқиғаға негізделген туынды.
«Қажымұқан» – 44 011 000 тг
Қазақтың атақты палуаны Қажымұқан туралы фильм де көрермендердің назарынан тыс қалған жоқ. Тарихи тұлға туралы көркем фильм көпшіліктің сынына қалып үлгерсе де, екі апта ішінде 44 011 000 теңге жинады. Фильмде Қажымұқанның өмір жолы мен ерліктері көрсетілген, бұл көрермендерге ұлттық батырдың өміріне терең үңілуге мүмкіндік берді.
«Парковщики» – 43 912 400 тг
Комедиялық жанрдағы бұл фильм 43 912 400 теңге жинады. Жеңіл сюжеті мен әзілге толы оқиғалары арқылы «Парковщики» көрермендердің көңілін көтеріп, қазақстандық кинодағы комедия жанрының дамуына үлесін қосты.
Осылайша, қазақстандық кино үлкен кассалық табыс жинап, еліміздің киноиндустриясының қарқынды дамып жатқанын дәлелдеді. Әр фильм өзіне тән тақырыбы мен стилімен көрермендердің жүрегін жаулап, елдің мәдени өмірінде маңызды рөл атқарды. Алдағы уақытта да қазақстандық режиссерлерден тың туындылар күтеміз.
Еске сала кетейік, 2023 жылы ең көп касса жинаған отандық «Таптым-ау сені» киносы, атақты голливудттық «Аватар: Су жолы» фильмін басып озған.