Жаңалықтар

ҰҚШҰ әскері Қазақстанға «кенеттен тексеру» үшін кіруі мүмкін

ҰҚШҰ
ҰҚШҰ әскері Қазақстанға оқу-жаттығу үшін және кенеттен тексеру үшін кіргізілуі мүмкін / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстан Ұжымдық қауiпсiздiк жүйесiнің күштерi мен құралдары құрамаларының мәртебесi туралы келiсiмге өзгерістер енгізеді. Өзгеріске сәйкес, ҰҚШҰ әскері» кенеттен тексеру» үшін кіргізілуі мүмкін. Бұл жайлы «Ашық НҚА» порталына орналастырылған Қорғаныс министрлігінің құжатында жазылған.

Келісімді не үшін өзгертіп жатыр?

«Қаулы жобасының мақсаты – Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың қарауына 2010 жылғы 10 желтоқсандағы Ұжымдық қауiпсiздiк жүйесiнің күштерi мен құралдары құрамаларының мәртебесi туралы келiсiмге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қою туралы ұсыныс енгізу», – делінген құжат түсіндірмесінде.

Сонымен бірге құжатта бұл өзгерістердің ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің аумағында ұжымдық қауiпсiздiк жүйесiнің күштерi мен құралдары құралымдарының уақытша болуы үшiн құқықтық базаны жетілдіруге бағытталған өзгерістерді енгізуге мүмкіндік беретіні жазылған.

ҰҚШҰ әскері оқу-жаттығу үшін жене «кенеттен тексеру үшін» де кіргізілуі мүмкін

Ал келісімді іске асыру «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жауынгерлік, жұмылдыру дайындығын қамтамасыз ету» бағдарламасы негізінде Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне көзделген қаражат шегінде жүзеге асырылады.

Министрлік қаулысына сәйкес қолданыстағы құжаттың 2-бабына өзгеріс енгізіледі. Өзгерістерге сәйкес құжаттың екінші абзацы былай жазылады:

«Жіберуші Тараптың құралымдары қабылдаушы Тараптың ресми өтінішіне сәйкес бір немесе бірнеше Тарапқа қатысты қарулы шабуыл (агрессия) қатері төнген және (немесе) жасалған жағдайда ұжымдық қорғаныс құқығын іске асыру, ұжымдық қауіпсіздікке төнетін басқа да сын-қатерге қарсы іс-қимыл жасау, дағдарыс жағдайын болғызбау (реттеу), төтенше жағдайды жою, гуманитарлық көмек көрсету үшін жіберілуі мүмкін».

Ал бұл абзацтағы «бірлескен командалық-штабтық және әскери оқу-жаттығулар өткізу үшін» деген сөйлем, «бірлескен оқу-жаттығуларға және кенеттен тексеруге қатысу үшін қабылдаушы Тараптың аумағына жіберілуі мүмкін» деп толықтырылған. Яғни аяқасты тексерістер кезінде де ҰҚШҰ әскері одаққа мүше елдердің аумағына жіберілуі мүмкін.

Сонымен бірге екінші бапқа әскерилердің әуе қозғалысына қатысты толықтыру енгізіледі. Жаңа келісім:

«Жіберуші Тараптың мүддесінде әуе тасымалын жүзеге асыратын Тарап қабылдаушы Тараптың аумағына құралымдарды жеткізу туралы шешімді осы Тараптар арасындағы уағдаластық бойынша қабылдайды», – деген сөйлеммен толығады.

Қолданыстағы құжатта мұндай сөйлем жоқ.

Әскери іс-қимылға қатысты шығындарды қабылдаушы тарап көтереді

Сонымен дәл осылайша 6-баптың 2 абзацына толықтыру енгізілген. Онда ҰҚШҰ әскеріне әуе қызметтері ақысыз жүргізілетіні айтылған.

«Қарулы шабуыл (агрессия) қатері төнген және жасалған, ұжымдық қауіпсіздікке төнетін басқа да сын-қатерге қарсы іс-қимыл жасаған, дағдарыс жағдайын болғызбаған (реттеген), төтенше жағдайды жойған және гуманитарлық көмек көрсеткен жағдайда арналуы бойынша міндеттерді шешу үшін құралымдарды жеткізу (транзиттеу) кезінде әуе кемелерін қабылдауды, жөнелтуді, әуеайлақтық-техникалық (әуеайлақтық) қамтамасыз етуді, тиесілігіне қарамастан, әуеайлақта тұрақ орындарын беруді және оларды күзетуді қабылдаушы және транзиттік Тараптар өтеусіз жүзеге асырады. Тараптар мемлекеттік (әскери) авиациясы әуе кемелерінің ұшуына аэронавигациялық қызмет көрсету ақы (алым) алынбай жүзеге асырылады», – делінген құжатта.

ҰҚШҰ әскері қандай бір елге кіргізілетін болса, мемлекеттік әскери немесе азаматтық әуеайлақта әуе кемелеріне жанар-жағармай материалын, арнайы сұйықтық және газ құю транзиттік тараптың және қабылдаушы тараптың күшімен және құралдарымен тиісті келісімдер мен уағдаластық негізінде жүргізімек.

Айта кетейік, ҰҚШҰ-ға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Армения, Ресей, Беларусь елдері кіреді.

KursivMedia ҰҚШҰ әскері қандай жағдайда «кенеттен тексеру үшін» кіргізілетінін нақтылау үшін сауал жолдады.