Astana International Exchange (AIX) биржасындағы жыл басынан бері сауда айналымы 1 млрд доллардан асты. Бұл көрсеткіш AIX-тің жалпы сауда көлемін 2 млрд долларға жеткізді.
Егер алғашқы миллиард долларлық белеске жету үшін биржаға бес жыл қажет болса, екінші миллиард доллар айналымы 10 ай ішінде қалыптасқан.
Сауда көлемінің қарқынды өсуі жергілікті нарық қатысушыларының белсенділігіне, шетелдік жеке және институционалдық инвесторлардың сандық артуына байланысты болған.
Сонымен қатар құнды қағаздар қатарының артуы да сауда көлемінің күрт өсуіне ықпал етті. Қазіргі кезде биржада 230 құнды қағаз саудаланып жатыр, оның ішінде 100-і тек 2024 жылы тіркелген. AIX басқарма төрайымы Әсел Мұқажанова: «Біз болашақ дамуға мықты іргетас қалап отырмыз», – деп атап өткен.
2024 жылдың 3-тоқсанында АIX биржасында Джерси аралынан көшкен Solidcore Resources (бұрынғы Полиметалл) компаниясының акциялары ең көп саудалаған. 9 айда Solidcore Resources акцияларымен сауда-саттық 17 млн долларды құрады.
Салыстырар болсақ, 2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстандағы тағы бір биржаның KASE-дегі сауда-саттық көлемі 290,8 трлн теңгені ($604,5 млрд) құрады. KASE-де қазір 69 эмитенттің 151 құнды қағазы саудаланады, олардың ішінде 22 компания алғаш рет листингтен өтті.
2024 жылдың шілде айында KASE басқарма төрайымы Алина Алдамберген Қазақстанда қор нарығын дамыту үшін жаңа холдинг құрылуы мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл бастама, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың KASE мен AIX биржаларын біріктіру жөніндегі тапсырмасымен байланысты болуы мүмкін. Бұл тапсырма 2023 жылдың қыркүйегінде берілген, ал 2024 жылдың көктемінде оның жобасы Президент әкімшілігіне жолданды. Сол кезде жобаның мән-жайы ашылмаған еді, ал қабылданған шешім туралы ресми ақпарат әлі жарияланған жоқ.
Ал 12 шілдеде Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов қоc биржаны біріктіру мәселесі кейінге шегерілгенін мәлімдеді.